Мектеп кезінен шәкірт тәрбиелеп, ұстаз болуды армандаған жандардың бірі – Жазира Тынымбек. Бала арманына қол жеткізген жас ұстаз қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында биология пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алған ару 2015 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Биология» мамандығын алып шығады.
Педагогика саласындағы алғашқы еңбек жолын 2015 жылы Астана қаласындағы «Нұрорда» халықаралық балабақшасында ағылшын тобының тәрбиешісінің көмекшісі қызметінен бастап, 2016 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында биология пәнінен сабақ береді.
– Педагогикалық қызметті таңдағаннан кейін, ғылым мен техниканың дамыған заманында ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, адамзаттың сәулетті болашағын жасаушы шәкірттерге білім мен тәрбие беруді басты бағытқа алсам, менің мақсатым айқын. Дегенмен, мақсатқа жету жолында табанды еңбектің қажеттігін түсініп, білім мен тәрбие беруде кәсіби құзырлы маман иесі болуға жұмыс жасаудамын, – дейді Жазира Тынымбек.
Кейін өзінің жүрек қалауындағы мамандығы – ұстаздық саладағы білімін тереңдету үшін 2023 жылы магистр дәрежесін алған. Педагогика саласында 6 жыл табысты еңбек етіп келе жатқан жас ұстаз бүгінгі күні мектептің барлық қоғамдық, оқу-әдістемелік жұмыстарына, пәндік-циклдік комиссия жұмысына белсенді қатысады.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демекші, жас ұстаздан тәлім алған шәкірттер республикалық, облыстық, қалалық жалпы пәндер олимпиадаларынан жүлделі орындарды иемденіп, ұстаз үмітін ақтаған.
2021, 2022-2023 жылдары ҰБТ бойынша биология пәнін таңдаған шәкірттері 100% көрсеткішпен жоғары оқу орнына түсіп, грант иегерлері атанып, республикамыздың әр түкпірінде медицина, педагогика саласында білім алуда.
Табысты еңбегімен еленген Жазира Тынымбек білім берудегі қол жеткізген жетістіктері үшін облыстық білім басқармасы басшысының, Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған. «Жыл үздігі – 2021» номинациясының, «Үздік авторлық бағдарлама – 2022» облыстық конкурсының І орын иегері. Сондай-ақ, 2021 жылы Өскемен қаласында өткен «Дарынды балаға – талантты ұстаз» республикалық байқауының Іі орын иегері атанды.
– Әр адам мамандығын шексіз сүйгенде ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады. Сондықтан да мамандығын сүйген адам оны үнемі дамытуға, жетілдіруге ұмтылады. Мен де өзім бала кезімнен армандаған ұстаздық салада еңбек етіп, осы саланың гүлденуіне өзімше үлес қосқым келді, – дейді жас ұстаз.
Қазіргі таңда Жазира жас та болса жас өркеннің сырлы әлеміне тереңірек үңіліп, шығармашылық шабытын шыңдап, жұмыс істеуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!