Қазіргі таңда қоғам қарқынды дамып, цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына еніп жатыр. Солардың ішінде жасанды интеллект ерекше орын алады.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Алдағы бес жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жасанды интеллектінің әлеуетін толық көлемде пайдалана алатын елге айналуымыз керек» деді. Бұл мерзім үш жыл қысқарып, нақты тапсырмамен толықты: жасанды интеллектті еліміздегі экономикалық реформалардың негізіне айналдыру – стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Бірінші қадам ретінде цифрландырудың негізгі бағыттарын айқындайтын Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажет екені айтылды. Бұл құжат жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректерді пайдалану мен өзге де цифрлық аспектілерді қамтиды. Салаға жетекшілік ететін қазіргі уәкілетті министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады.

Білім беру жүйесі де бұл жаңашылдықтан шет қалған жоқ. Жасанды интеллект білім беру процесін оңтайландырып, оқу сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жасанды интеллект ‒ адам санасындағы ойлау, шешім қабылдау, үйрену сияқты қабілеттерді компьютерлік жүйелерге енгізуге мүмкіндік беретін технологиялар жиынтығы. Ол деректерді өңдеп, талдап, нақты шешім қабылдай алады. Қазіргі таңда ЖИ-дың нейрондық желілер, машиналық оқыту, табиғи тілді өңдеу секілді бағыттары кеңінен қолданылады. Жасанды интеллект білім беру процесінде түрлі бағыттарда қолданыла алады.

Жеке оқыту траекториясы: ЖИ әр  білім алушының қабілеті мен деңгейіне қарай жеке оқу жоспарын құрып береді. Бұл оқу материалын жақсы меңгеруге септігін тигізеді.

Автоматты бағалау: ЖИ арқылы емтихан нәтижелерін, тесттерді автоматты түрде тексеруге болады. Бұл оқытушылардың уақытын үнемдейді және бағалаудағы субъективтілікті азайтады.

Интерактивті оқу құралдары: ChatGPT, Khan Academy, Duolingo сияқты платформаларда ЖИ білім алушыларға нақты уақыт режимінде көмек көрсетіп, түсініксіз тақырыптарды түсіндіре алады.

Аналитика және мониторинг: ЖИ білім беру мекемелеріне білім  алушылардың үлгерімін, қатысуын және басқа да көрсеткіштерін бақылап, қажетті түзетулер енгізуге көмектеседі.

Оқу процесін жекелендіру: Әр білім алушының жеке ерекшеліктеріне сай оқу әдістемесін қолдану мүмкіндігі.

Кері байланыстың жеделдігі: ЖИ нақты уақыт режимінде қателерді көрсетіп, дұрыс жолды ұсына алады.

Оқытушының жұмысын жеңілдету: Күрделі тапсырмаларды ЖИ-ға тапсыру арқылы оқытушы шығармашылық пен әдістемелік жұмысқа көп көңіл бөле алады.

Қолжетімділік: Онлайн ЖИ жүйелері шалғайдағы немесе мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін де сапалы білім алуға жол ашады.

ЖИ-дың білім саласына енудегі кейбір кедергілері де жоқ емес. Ақпарат қауіпсіздігі: білім алушы  деректерінің құпиялылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Адам факторының азаюы: Білім алушының тәрбиелік рөлі мен эмоциялық қарым-қатынасын ЖИ алмастыра алмайды.

Теңсіздік мәселесі: ЖИ-ға қолжетімділік барлық өңірлерде бірдей емес, бұл білімдегі алшақтықты күшейтуі мүмкін.

Жасанды интеллект ‒ білім беру жүйесін түбегейлі өзгертіп жатқан қуатты құрал. Ол оқу процесін тиімді, жекелендірілген және интерактивті етуге мүмкіндік береді. Дегенмен, ЖИ-ды тиімді қолдану үшін оқытушы мен  білім алушыларды  жаңа технологияларға бейімдеу, инфрақұрылымды жақсарту және этикалық нормаларды сақтау маңызды. Болашақта ЖИ білім сапасын арттырудың басты құралдарының біріне айналары сөзсіз.

Елімізде жасанды интеллект саласында AI-Sana оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – студенттердің жасанды интеллект бойынша біліктілігін арттыру. Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның қолдану аясын барынша кеңейту орынды екенін еске салды. Сонымен қатар, инвестициялар мен таланттар үшін тартымды экожүйе қалыптастыру қажет.

Жоғары білім беру жүйесінде біздің өңірімізде жасанды интеллектіні дамыту мақсатында жасалған қадамдардың бірі ‒ Қорқыт ата университеті мен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті арасындағы ынтымақтастық аясында жасанды интеллект институтының ашылуы. ЖИ бойынша оқытушылар мен  білім алушылардың  білім деңгейін көтеру алда  тұрған маңызды міндеттердің бірі. Студенттерге қолдау көрсету үшін чат-боттар, онлайн емтихандарға дайындалу және  тексеру жүйелерін, студенттердің қабілетіне сай бейімдейтін оқуды басқару платформаларын пайдаланатын жүйелер құрылуда. Бүгінге дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Алдағы уақытта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары осында келіп, дәріс өткізеді.

Жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік саласын оқу мен игеруге деген ұмтылыс болашақ үшін маңызды. Жасанды интеллектінің білім беру саласындағы мүмкіндіктері өте кең және оның оқу процесіндегі қолданылуы білім алушылардың  білімін жақсартуға, оқытудың тиімділігін арттыруға және оқытушылардың  жұмысын жеңілдетуге айтарлықтай  мүмкіндік береді.

               К.Х.Дәрмағамбет,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 

                                                  профессоры, химия ғылымдарының кандидаты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!