Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтар тізімін ұсынды. «Көш басында аспаз, сатушы және автомеханиктер тұр. Тамақтану, логистика, медицина, ауылшаруашылығы, құрылыс және ТҮКШ саласына білікті маман қажет» делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев 2030 жылға қарай трендте болатын ТОП-7 мамандықты атаған еді. Оның айтуынша, World Economic Forum 2025-2030 жылдары сұранысқа ие болатын ТОП-7 мамандықтың тізімін шығарған.
«Бұрын болмаған екі кәсіптің бірігуінен туындаған ІТ-дәрігер деген мамандық шығып жатыр. Бұрын блогерлер, SMM-менеджерлер дейтін едік. Оларды ешкім оқытпайтын да. Қазір солардың басын біріктіретін «тренд бақылаушысы» деген кәдімгі кәсіби бағыт дамып келе жатыр. «Биоинженер», «деректер талдаушысы» немесе «data-аналитик» деген мамандықтар сұранысқа ие болмақ. «Урбаинст-экологтарға» да сұраныс артып келеді. Бұрын тек архитекторлар жұмыс істесе, қазір экологияны бірге алып жүретін гибрид мамандық пайда болды. «Жоба менеджері», «жасанды интеллект және машиналық оқыту саласындағы маман» деген сияқты жаңа-жаңа бағыттар дамиды», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл мамандықтарға 2025 жылдан кейін мектеп бітіретін оқушылар бағдарлану керек.
«Әрине, жастарға алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтар трендте болатынын жеткізуіміз керек. Сондай-ақ қазір 1 сыныпқа келіп жатқан балаларды да ұмытпауымыз қажет. Оларға кәсіби бағдар бойынша бөлек пән, пән кабинеттері ашылып жатыр. Біз соларға 100-ден астам жойылып келе жатқан мамандықтардың тізімін де қалдырып жүрміз. Сол арқылы олар қай мамандықтың керекті болатынын, қай мамандықтың керексіз болып қалатынын біліп отырады. Оның бәрін ойымыздан шығарып жатқан жоқпыз. Нақты ғылыми деректерге бағынып, қорытынды шығардық», – деді Мұхтар Манкеев.
Ал жақында Ұлттық тестілеу орталығы білім беру гранттары иегерлерінің тізімін ұсынды. Талапкерлердің басым бөлігі құжаттарын үш республикалық маңызы бар қаланың жоғары оқу орындарына тапсырған: Алматы (34 мың), Астана (16 мың) және Шымкент (5 мың). Талапкерлердің таңдауы ішінде үлкен сұранысқа ие бағыттар қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бар. Әрі қарай «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау». Үшінші орында «Медицина, оны 4 мың талапкер таңдаған. Айта кетейік, білім беру бағдарламаларының тобы бойынша ең көп өтініш (9 мың) «Ақпараттық технологиялар» мамандығына түскен. Ол жаңа мамандықтар тізбегіне кіретін ІТ әлемде білім беру жүйесінің сапасына күшті әсер ететін негізгі және маңызды факторлардың бірі екенін айғақтайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!