Қазақ тілі кинофильмдер арқылы оқытылады

Облыстық тілдерді оқыту орталығы ұжымының шығармашылық қоры тағы бір кітаппен толықты. Яки  «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» атты әдістемелік құрал жарыққа шықты. Кітаптың авторлары облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова және М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші, магистрі Мөлдір Меңдібаева. Біз кітап авторларымен кітаптың мазмұны туралы сұқбаттасуды жөн санадық.

Әдістемелік кітап әзірлеу жүйелі ізденісті талап ететіні анық. Бұл идея қалай туды?
Жаныгүл Мұхитқызы:

– Әдістемелік құрал әзірлеу – педагогика саласының әрбір қызметкері үшін қажет дүние. Оқытумен айналысатын оқытушы шығармашылықпен, өзінің әдістемелік қорын қалыптастырады. Бұл қағидатты біз де мүлтіксіз орындап, мемлекеттік тілді оқыту жүйесіне байланысты әдістемелік өнімдерді әзірлеп келеміз. Облыстың қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» мекемесі жанынан құрылған ғылыми кеңестің жұмыс жоспары бойынша сараптамалық комиссияға ұсынылған «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» атты әдістемелік құрал республикадан қолдау тауып, 1000 дана таратылды. Әрине тілді оқыту, үйрету үшін ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды. Бұл идея бірнеше жыл бұрын «Құнанбай» фильмін алғаш көрген кезде туындады. Тарихи фильмдегі дәстүрлер, қазақтың сөйлеу мәдениеті, сөз құдіретін танытатын сәттер еріксіз шығармашылыққа жетелейді екен. Одан кейінгі алаштану саласы бойынша түсірілген фильмдер осы әдістемелік құралдың негізгі мазмұнына арқау болды.
– Бұған дейін ғылыми айналымға енген басқа қандай еңбекке үлес қостыңыздар?
Жаныгүл Мұхитқызы:

– Облыстық тілдерді оқыту орталығының негізгі мақсаты – облыс тұрғындарын, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерін, жеке кәсіпкерлерді, этнос өкілдерін оқыту болса, осыған сәйкес, әдістемелік шығару, оны тарату, тәжірибеде қолдануды жүйелі жүргізу – негізгі қызметі. Оқыта отырып құндылықтарға тәрбиелеу – шығармашылық жұмыстардың басты қағидасы. Бұдан бұрын 2022 жылы республикалық «Үздік оқытушы» байқауында жүлделі ІІ орын алған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» атты ұжымдық мәтіндер жинағы авторларының құрамында болдым. Қарапайымнан бастап жоғарыға дейінгі деңгей тапсырмаларын қамтитын жинақтың аудиториясы – мектеп, колледж, университет, оқыту орталықтарының тыңдаушылары мен оқытушылары. Бұл еңбек тыңдаушының тыңдау дағдысын қалыптастыру, кезінде «құлақ жеп» атаның ақылын тыңдап, халықтық тыңдалыммен өскен құймақұлақ бабалардың бай мұраларын бүгінгі сандық технология мүмкіндігіне бейімдеп, қазақ тілін үйретуге қолдансақ, бүгінгі ұрпақтың есте сақтау қабілетін де арттыруға септігі тиер деген мақсатпен жасалды.
Тілге деген жанашырлық әрбір азаматтың бойында болуы шарт. Мұндай құндылықты жастардың бойына ұялату үшін қандай қадам жасау керек деп ойлайсыз?
Жаныгүл Мұхитқызы:

– Қоғамның құндылығы халық дейтін болсақ, оның ішінде жастар – жаңа идеялар иесі. Біздің ұлт болып ұйысуымыздың, ұлттық болмысты сақтаудың негізгі тетігі – бүгінгі жас буын. Тіл тазалығы, тілімізде қалыптасып жатқан сленгтермен күресу туралы айтудан жалыққан емеспіз. Кешегі бүгінгі жасап жатқан әдістемелік топтамалардың негізгі мазмұны да жастардың болмысын дұрыс қалыптастыру, ұлттық тіл, ұлттық дәстүр жайлы санасына сіңіретін, адастырмас «темірқазықты» табу. Ол дегеніміз – оқытудан, тәрбиелеуден, үйретуден басталатын саналы әрекеттер. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мерейін арттырып, мәртебесін көтеру жолындағы әрбір игі істің нәтижелі болуы – жаңа толқынның жаңашыл көзқарасы, ұлтқа деген сезіміне байланысты. Сөз арқылы адамның тек сөйлеу мәдениеті ғана қалыптаспайды ғой. Жағымды ойдан жақсы сөз туып, ол жақсы әрекетке ұласып жатады, демек болмысы мен табиғаты да сөз арқылы өріледі деген сөз. Қазақта жүрекке жылы тиетін сөзді жібек жіпке, ал өткірлігі үшін наркескен қылышқа теңеген. Міне, біздің өскелең буынның бүгінгі қалыптасқан тілдік мәдениеті оның болашақтағы ұлттық, елдік мәдениетінің баспалдағы екенін ұғындыра білгеніміз жөн.
– Өңірімізде қазақ тілі мәселесі өзекті болмағанымен, өзге облыста күн тәртібіндегі мәселе. Осыған орай тіл үйретудің жеңіл әдісі қандай деген сауалға жауап іздесек.
Мөлдір Болатбекқызы:
– Қазақ тілі – қазақтың ана тілі. Мен де осы тілімнің мәртебесінің жоғары болуына атсалысып жүрмін. Тілге деген жанашырлық әрбір қазақтың қанында болуы қажет деп есептеймін. Жастар бойында да тілге деген құрмет өте жоғары. Оған дәлел ретінде Тілдерді оқыту орталығымен жүргізілетін шараларды айтуымызға болады. Күнделікті өмірде тіліміздің бөтен сөзбен былғанбай, таза, көркем болуына сабақ үдерісінде, тәрбиелік шараларда мазмұнды жұмыстар арқылы әсер етіп отырамыз.
Шәкірт тәрбиелеуде де еселі еңбек еттіңіз. Шәкірт жетістігімен бөліссеңіз.
Мөлдір Болатбекқызы:

– Білімнің киелі қарашаңырағында ұстаздық қызметте жүргеніме қуаныштымын. Болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін қалыптастыру мақсатында түрлі сайыстар, байқаулар өткізіліп тұрады және оған шәкірттерді жан-жақты даярлап, нәтижесінде жүлделі орындар алып келеміз. Шәкірт жеңісі – ұстаз мерейі! Біздің «М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары колледжі» көптеген жетістіктерге жетті. Талай белестерді бағындырды. Алдағы уақытта да шәкірттерге үлкен үміт артамыз. Менің шәкірттерімнің бәрі бірдей. Барлығы да жан-жақты, білімді, ізденіске құштар. Мен олардан үлкен үміт күтемін!
– Тәжірибе алмасуға қаншалықты көңіл бөлесіз?
Мөлдір Болатбекқызы:

– Білім беру үдерісінде оқытушының тәжірибе алмасуы күнделікті орын алатын жағдай. Республикалық, облыстық деңгейде шеберлік сағаттарына, ғылыми конференцияларға үздіксіз қатысып, әдістемелік қоржынымыз қазақ тілін оқыту жөнінде тиімді әдістер, тәжірибелермен толығып отырады. Жалпы білімге, ізденіске, жаңаға ұмтылыс бізге жетіспейді. Көбіне осы дүниелерге мән бермей жатамыз. Біздің қателік жіберетін тұсымыз осында. Сондықтан мен студенттерді ізденуге осы бастан бойына сіңіремін. Иә, рас мектеп жасынан бастау керек. Десе де еш нәрсеге кеш болмайды. Оқу бітіріп, жұмысқа орналасар кезде жауапкершілікті сезінеді. Өзім көп ізденемін, жан-жақты кітаптар оқып, курстарға қатысамын. Білімімді жетілдіруге ешқандай уақыт аямаймын. Қажет болса өзге қалаларға баруға дайынмын. Сондықтан тәжірибе алмасу менің тәжірибемде қалыптасқан дүние. Өзгелердің жұмысымен етене танысып, өзіңе керекті тұстарын аласың.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!