Осыдан бірер жыл бұрын Қармақшы ауданында өткен бір форумда оқушылардың робототехникаға құштарлығын байқадық. Сонда бір жеткіншектен «Бұл салаға не себепті қызығушылығың артты?» деп сұрадық. Сонда қарапайым ауыл баласы «Ауылда тіршілік көзі көп. Ауыл шаруашылығы – таза бейнетпен нан табатын сала. Сондықтан елдегі шаруалардың әрбір тірлігін оңтайландырып, қалтаға жеңілдетіп автоматтандырғым келеді. Көз алдыңызға елестетіңізші, мал фермасында робот қызмет атқарып жүрсе…» деген еді.
Қандай да бір тың дүниенің дамуына, оның алға қарай қарқынды дамуына сұраныс ықпал етеді. Сұраныс көлемі қаншалықты артса, ол қоғамға соншалықты сіңісті болмақ. Негізгі ойдағы сауал бұл емес, тақырып тінін тарқатуға бізге елдегі өнертапқыштық деңгейі, оның ішінде шағын тракторлар жайы себеп болып тұр.
Алтай мен Атырау арасындағы алып даланың әр қиыры әртүрлі кәсіпке бейім. Табиғатына, климатына сәйкес. Бір аймақ таза егін шаруашылығына, енді бірі мал шаруашылығына, келесі бірі мұнай, өнеркәсіп өндірісіне оңтайландырылған. Мәселен, сіз солтүстікке барып күріш екпейсіз. Бірақ осы шаруашылықтың қайсыбіріне болса да, шағын трактор, кішігірім көмекшілердің маңызы жоғары. «Youtube» желісінде минитракторлар жайлы видео жүздеп, тіпті мыңдап кездеседі. Олардың дені көршілес Ресей халқы. Әу бастан темір-терсекке құштар халық деп ақталғымыз-ақ келеді, бірақ оларда да бір бас пен екі қол, екі көз. Бізден артық ешнәрсесі жоқ. Сондықтан бұл ретте қазекем жалқау деген сөз ақталуға жатпаса керек-ті. Қазір шағын тракторлардың нарықтағы құны 6-7 миллион теңгеден басталады. Ауылдағы қарапайым шаруаның қалтасы көтермесі анық. Өзі титықтап, малдың жем-шөбін әрең тауып жүргенде ол бір өзі бір қора малдың құнына татитын шағын техниканы ойлағысы да жоқ. Біз айтып отырған видеоматериалдарда оны қалай қолда бар темір-терсектен шығаруға болатынын тәптіштеп тұрып түсіндіреді. Тіл білсеңіз және техникадан хабарыңыз болса, жеткілікті.
– Көбіне ауладағы жұмыстарға үлкен техникалар икемсіз болады. Сондықтан өзіміздің қолымызда бар жигули, москич автокөліктерінің қосалқы бөлшектерінен шағын трактор құрастырып аламыз. Онымен алақандай жерді игеріп, жер жыртамыз, оны арықтаймыз, егін егеміз, күтіп-баптаймыз және өнімді жинап алып, тасымалдаймыз. Бұл техникалар қыста да дамыл көрмейді. Нар түйенің жүгін артамыз. Қыста бізде қар қалың түседі, сондықтан қар тазалауда да таптырмас көмекшінің қызметін атқарады. Анықтап айтқанда қозғалтқышы, доңғалақтар мен мостысы, орындығы, басқа да майда-шүйде заттары – жеңіл автокөліктікі. Ал қозғалтқыш Қытайдан алдырып жатқан арзанқол жабдық саналады. Міне, осылардың барлығын үйлестіріп, қолдан рама жинап, осыған бекітіп, газэлектрмен пісіре білсеңіз, бұрандаларды қатайта білсеңіз болды. Жұмысты адам емес, аспап істейді. Ал адам сол аспапты дұрыс бағыттаса болғаны, – дейді өз ауласынан трактор құрастырып жүрген ресейлік Александр.
Әйтсе де, аға толқыннан конструкторлық қабілет байқала бермеді. Егер бұлай болмағанда бүгінде бүтіндей өндіріс орындары қазақстандық бренд техникаларды әлемге шығарар ма еді?! Ондай қимыл орта толқыннан да байқалмады. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» деген сөз ойға оралды. Қала көшелерінде жастардан сұрадық. Назарға іліккен алғашқы жас Әділет есімді такси жүргізушісі болды. Журналист екенімізді жасырған соң жасы жиырмаға жетпеген жігіт шылымын тұтатты да терезеге қарап отырып, әңгімесін бастады.
– Әңгімені әріден бастайын. Такси болу – «ауырдың үсті, жеңілдің асты» деп талайы ақыл айтқан, сіздер де соған бастайын деп отырсыздар ғой. Оқыған, тоқыған таныстарым көп. Жағдайы жақсылар демде оқуын бітіріп, жұмысқа тұрып кетті. Ал бізден әлдеқайда көш ілгері қатарластарымыз өз білімімен оқуға түсті, грантқа ілікті, оқуын бітіріп елге келді. Өте білімді. Бірақ қарапайым отбасынан. Пара бере алмағандықтан жұмысқа тұра алмады. Қазір құрылыста. Құрылысшыларға батпақ тасиды, заттарын әпереді, сөйтіп көмекші болып, нан тауып жүр. Мен мектепте қарық қылып оқымадым. Бірақ 9-сыныптан соң қалаға училищеге айдады. Келдік, оқыдық. Бірақ мамандықты да қарық қылмадық. Оқу керек, оқыдық. Оған біз де, басқа да кінәлі емес, маңдайға жазғаны сол. Қазір орыстың көне көліктерін тасып алдық қой елге, соның бірін мініп, халыққа қызмет етемін, – деді Әділет.
Айтарға сөз таппадық. Айтпақшы, оның мамандығы – газ электрмен пісіруші. Ал осы саланы нықтап меңгерген болса, қазір айына кемінде 250-300 мың теңге айлық алатын еді. Бірақ оның қызығушылығы болмады. Біздің елде жоқтан бар жасап, құрастыру жағын айтып жүрген қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев та жастардың қолдан техника құрастырмақ түгілі, жұмысшы мамандықтарына да бейімі жоқ екенін жеткізді.
– Көлік құрастыру деймісің, қазіргі көлік айдап жүрген жастар кривошип, шатун, газ таратушы механизм, сцепление, маховик, тормоз барабаны қалай жұмыс істейтінін, тіпті кейбірінің аттары мен түр-түсін де білмейді. Ол үшін біз мектептен бастап, балаларды техникаға баулу базасын қалыптастыруымыз керек. Оған маман болу керек. Ал маман істі аяғына жеткізуге ынтасы бар жан болса жақсы, – деп қысқа қайырды ол.
Расымен, жоқтан бар жасап, қолда бардан кәдеге асатын бұйым жасап шығару жайын айтып жүргенімізге көп болды. Ол үшін пәлендей білімнің де қажеті шамалы. Бірақ Абай айтқан, талап, еңбек, терең ойдың болғаны абзал. Бір үйдің пайдасына жарайтын кішігірім техника жайы да үлкен мәселе болып қалғанда бізге үлкен көліктерді ойлап табу, тыңнан түрең салу әзір бұйыра қоймайтын бақ тәрізді. Ал робототехникадан ізденіп, қиялындағы техника, роботтарды құрастырып жүрген бүгінгі оқушылардан үміт бары рас. Ол енді уақыттың еншісінде.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!