М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен «Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға!» тақырыбында жастардың патриоттық форумы өтуде. Ауқымды шара дәстүрлі түрде 2017 жылдан бері өткізіліп келеді.

Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға

Форумның мақсаты – жас ұрпақ бойында Отаны үшін мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, аға буынның жанқиярлық еңбегін бағалап, тарихты құрметтеуге үндеу. Құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» аймағымызда жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын насихаттау. Жеңістің 80 жылдығы аясында оқу орны 73 жыл есімін иеленген Мәншүктің батырлық болмысы, ғибратты ғұмыры арқылы студент жастарды ерліктің өнегелі ізін өшірмей тағзым жасауға, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.

Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға

Форум аясында дәстүрлі түрде тек қана қыздардан құралған «Мәншүк маршы» өткізілді. Оған 500-ден аса студент қыз қатысты.

Мұнан кейін «Достық үйінде» форумның пленарлық мәжілісі өтті. Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Қадырбек Бөрібеков қатысып,  форум қатысушыларын құттықтады.

Жиында Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Әлия» облыстық патриоттық  тәрбие беру  орталығының басшысы Бағдаш Тупенова әлеуметтік әріптестік туралы және «Әлия» облыстық патриоттық  тәрбие беру  орталығының жұмысы жайлы айтты. Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледж студенті Алпысбаева Нұрай форумның мағыздылығын атап өтті. Сыр елі батырлары жайлы қалам тартып жүрген ғалым,  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің докторанты Бақытжан Ахметбек М.Мәметованың қарулас командирі жайлы баяндама жасады. Колледж түлегі, сонау студент шағында «Әкелер даңқы жолымен» жорығының қатысушысы, «ҚР Еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағының иегері Нағиша Есбосын өзі барған жорық жайлы, сол кездегі ерекше сезімі туралы айтып, колледж жетістіктері туралы сөз қозғады.

Жастық жалынымыз – сүйікті Отанымызға

 М.Мәметова атындағы Қызылорда пеагогикалық жоғары коллежі «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығының студенті Ақмоншақ Берік аталған мамандық студенттерінің жасанды интеллектіге байланысты жобалық зерттеу жұмыстары жайлы хабарлады.

Шара  студент жастардың үндеуімен қорытындыланды.

Мұнан кейін форум қатысушылары қала орталығындағы мәдени ошақтардың бірі «Анаға тағзым» орталығына экскурсия жасады.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында колледждің 140-тан астам оқытушысы мен студенттерінің қатысуымен Т.Әліпқали, А.Мәметованың «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр», А.Халимульдина, А.Халимульдиннің «Звездный час Маншук» кітаптарының желісі бойынша дайындалған «Батыр Мәншүк» мультиформатты перформанс (көпформатты қойылым) 700 көрерменге сахналанды.

Биылғы республикалық форумға еліміздің педагогикалық мамандар даярлайтын 11 колледжінен 80-ге жуық қатысушы, аймақтағы 27 колледжден 100-ге жуық қатысушы келді.

23-24 сәуір күні өтетін форумға жалпы 2000-ға жуық адам қатысады деп жоспарлануда.

Бүгін форум қатысушылары қасиетті Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата кесенесіне барып, мұражайын аралап, Қорқыт ата амфитеатрындағы арнайы қойылымды тамашалайды.

Форумға қатысушы студенттерге Қызылорда қаласындағы мәдени орындарға экскурсия жасалып, колледж базасында «Мерген ару» сайысы өткізіледі.

Форум аясында Жеңістің 80 жылдығына орай «Ұлы жеңіс –  мәңгілік тағзым!» айдарымен колледждің барлық топтарында ашық тәрбие сағаттары өтіліп, «Менің атам – майдангер!» айдарымен Жеңістің 80 жылдығына орай 150-ден астам колледж студенті өздерінің ҰОС қатысқан аталары мен тылда еңбек еткен ата-әжелері жайында бейнероликтерін колледж әлеуметтік парақшаларында жариялады.

 Жеңістің рухы – әр жүректе, ал сол рухты сақтау  әрқайсымыздың парызымыз. Өткенге құрмет, болашаққа сеніммен қарау арқылы біз Ұлы Жеңістің рухын сақтап қаламыз. Бейбітшілік пен еркіндік, тек қана бүгін емес, ертең де біздің басты құндылығымыз болатыны сөзсіз.

Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі Мәншүк Мәметованың есімімен аталатын оқу орны – ерлік пен елдіктің, білім мен парасаттың қасиетті ордасы. Біз үшін Мәншүк ерлігі – құр сөз емес, ол – жүрекке орнаған сенім, рухымызды асқақтатар ұлы ұстаным.

АЖ ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!