Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауының да түп-төркіні осында. Жастарды қолдауға айрықша көңіл бөлінетін Барыс жылының маңызды шарасы – жазғы тынығу лагерьлері. Маусым айынан шымылдығы ашылатын лагерьлердің «балалар жылына» дайындығы қандай?

Президент Үкіметке жылды ұрандатып, думандатып өткізудің қажеті жоғын ескерте келе оны балалардың денсаулығын сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында нақты шаралармен толықтыруды тапсырды. Бұл тапсырмаларға біздің тынығу мекендері қаншалықты дайын? Біз аймақтағы маңдайалды лагерьлерді шолып шықтық.

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, биыл сауықтыру лагерьлері мен алаңдардың саны айтарлықтай артқан. Жалпы республика бойынша 11 мыңнан аса (2021 жылы – 9507) мектеп жанындағы, қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагері жұмыс істеуге дайын. Сондай-ақ балалар үшін көп жеңілдік қарастырылған. Мұны ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев растап отыр.

«Бірінші кезекте жазғы сауықтыру демалысымен әлеуметтік осал санаттағы балалар қамтылады. Бұл жетім балалар, аз қамтылған, көпбалалы отбасы және толық емес отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар және тағы да басқа балалар сауықтыру лагерьлерінің желісі – санаторийлер, туристік базалар, ұлттық парктер, жоғары оқу орындары жанынан лагерьлер ашу және жұмыс істемейтін лагерьлерді қалпына келтіру есебінен кеңейтілді. Қалалық лагерьлер желісін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл облыста 3 лагерь пайдалануға беріледі. Балалардың жазғы демалысы үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету маңызды. Қазір ашылуға дайындалып жатқан лагерьлерде конкурстық рәсімдер жүргізіліп, олардың санитарлық нормаларға сәйкестігі тексеріліп жатыр», – деді Есенғазы Иманғалиев.

Хош, аймақтағы 9 тынығу лагерінің кейбірі балалар жылында қызметін тоқтатуына тура келген. Қала іргесінде орналасқан «Сырдария» тынығу лагері биылдан бастап балаларға қызмет көрсетпейді. Себеп біреу – сапаға сай емес. Бір кездері Гоголь атындағы педагогикалық институттың зертхана полигоны болып ашылған мекеме 20 ғасырдың соңында лагерьге айналып, бүгінге дейін қызмет көрсетіп келген. Мекеменің жауапты мамандары өткен жылы экспертиза жүргізіп, жарамсыз деген анықтама алыпты.

– Шыны керек, қазіргі балаларды жаңашылдықпен баурап алмаса, ескі ғимаратпен қызықтыру мүмкін емес. «Сырдарияның» орналасу жағы жақсы болғанмен ғимарат көне. Лагерь болатындай талапқа сай келмейді. Әжетхана мен жуыну бөлмесі аулада орналасқан. Құрылыс мамандарының айтуынша, іргетасы ыдырап, ғимарат жарамсыз деп танылды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігіне байланысты жұмысты тоқтатуға тура келді, – дейді  Меруерт Наушақызы.

Балалардың қызығушылығын оятатын «Талдысу» лагері «Балалар жылына» қызу дайындықта. 1 маусымнан бастап 300 баланы қабылдайтын «Талдысудың» жаңалығы көп.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көктем мезгілі түсе салысымен дайындыққа кірісіп кеттік. Биыл 7 ауысым жұмыс істеуге бекініп отырмыз. Жоспар бойынша 3000-ға жуық бала жаз мезгілін бізідің лагерьде сәтті өткізеді деген сенім бар. Мысалы, биыл балаларды Сауран, Сығанақ секілді тарихи мекендермен таныстырып, рухани азық сыйлағымыз келеді. Одан бөлек қолөнер және сурет орталығы іске қосылды. Балаларды спортқа қызықтырып, футбол, волейбол, жүзу секілді спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырып, ширатып аламыз. Тұмса табиғатқа саяхат жасап, Қаратаудың құт қонған қойнауында шеберлік сабақтарын ұйымдастырамыз. Жылды даралайтын бастаманың бірі кітапханада өтпек. «Талдысу» лагерінің кітапханасында 4 мыңнан аса кітап қоры бар. Ашық аспан астында кітап оқу шаралары ұйымдастырылып,  өскелең ұрпақтың зейінін ашу үшін барлық жағдай жасалады, – деді лагерь директоры Елдос Жаңабаев.

Биылғы жылдың басты жаңалығы – балалар мен ата-аналарды барынша ақпараттандыру үшін bala-demalys.kz балалар сауықтыру лагерьлерінің интерактивті картасы, сайт пен мобильді қосымша (Android және IOS платформаларында) іске қосылды. Электронды картаның көмегімен кез келген адам нақты уақыт режимінде қандай да бір лагерь туралы (бағдарламасын, бағасын, орналасқан жерін) ақпарат ала алады.

Балалардың саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл – аймақтағы 9 тынығу лагері алдағы уақытта жетіңкіремейді деген сөз. Қала орталығында істен шыққан балалар мекенін лезде жаңартпасақ жазғы демалыс ауладан әрі аспайтын сыңайлы…

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!