Фото: alau.kz

Оқушылар қазірдің өзінде маусымдық лагерьлерді сағынып жүр. Мектеп жанынан ашылған түрлі үйірмелер мен көңілді орталықтар дайындық жұмысын бастап кетті. Жалпы лагерьде балалар коммуникативтік дағдыларға, кәсіби бағыт беру кездесулеріне және салауатты өмір салтын насихаттауға, соның ішінде психологиялық денсаулық пен дұрыс тамақтануға ерекше назар аударып, көшбасшылықты, эмоциялық интеллектіні дамытады.

Биыл лагерьде біз ішкі жан дүниені тануға, шығармашылық әлеуетті дамыту резервтерін ашуға, құрбы-құрдастармен қарым-қатынас құру дағдыларын жақсартуға баса назар аудардық. Бұл мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруде өте маңызды. Тиімді оқыту қағидасын бірнеше жыл бойы іске асырып келеміз.

Баланы лагерьге жіберу – ата-ана үшін өте жауапты іс. Әрине, олар баласының тынығып, демалыстан жақсы әсер алып қана қоймай, қауіпсіз және үлкендердің қатаң бақылауында болатын, мейлінше жайлы жерді таңдауға тырысады. Бүгінгі күні балалар лагерінің алуан түрі бар. Олар дәстүрлі сауықтыру лагері, спорттық-туристік, театралды болып бірнеше топқа бөлінеді.

Лагерьде балалар бос уақытын тиімді пайдалануы тиіс. Яғни жаңа нәрсе біліп, үйреніп қайтуы қажет. Мысалы, олар лагерьде өз мүмкіндіктерін анықтай алады. Күнделікті мектеп жағдайында оқушылардың сабаққа келіп-кеткенін ғана аңғарамыз. Баланың қандай өнері бар, қандай іске бейім оны мұғалімдер байқай бермейді. Ал лагерьде балалар басқа қырларынан танылып, ашылып, өз өздерін жақсы жағынан көрсете алады.

Света ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,
Жанқожа батыр атындағы
№269 орта мектеп директорының
тәрбие жұмыстары жөніндегі
орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!