ҚР Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік желілерде оқырмандардан түсіп жатқан сұрақтарға байланысты жазғы мектептердің жұмысы қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын айтты. Министр тиісті бұйрыққа қол қойды. 26 мамырдан бастап 9, 11-сынып оқушылары емтихандарын тапсырады. Ал қалған сынып оқушылары үшін 17 маусымға дейін жалғасатын жазғы мектеп ұйымдастырылады.

«Жазғы мектеп – біліміңізді жетілдіріп, олқылықтарды толтыруға тамаша мүмкіндік. Пандемия оқу үдерісіне жақсы әсер етпегенін және мектеп оқушыларының кей тақырыптарды толық меңгермегенін жақсы білеміз. Басқа елдерде бұл мәселені шешу үшін оқу жылын ұзартады. Ал біз оқу жылын ұзартпай, жазғы мектеп ұйымдастырдық. Біз барлық оқушыларға жазғы мектептен қалмауға кеңес береміз», – деді Гүлмира Кәрімова.

Ведомство мәліметінше, жазғы мектептерде сабақтар әдеттегі форматта өтпейді. Икемді оқу кестесі ұйымдастырылады, сабақтар мұражайларға және экскурсияларға бару түрінде де ұйымдастырылады.

«Бұл ретте жазғы мектепте оқушыларға баға қойылмайтынын, сонымен қатар үй тапсырмасы берілмейтінін атап кеткен жөн. Жазғы уақыттағы оқу мүмкіндігінше қызықты әрі мазмұнды өту үшін барлық жағдай жасалады. Кейбір балалардың репетиторлармен ақылы курстарға барып, қосымша білім алатынын білеміз. Осы орайда жазғы мектеп біліміңізді шыңдап, олқылықтың орнын толтыруға да тамаша мүмкіндік. Оның үстіне мұғалімдер өз оқушыларының күшті және әлсіз жақтарын жақсы біледі», – дейді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы.

Жазғы мектеп барлық оқушылар үшін ұйымдастырылады. Дегенмен, түрлі жағдайларға байланысты жазғы мектепке қатысты соңғы шешімді ата-аналар мен мектеп оқушылары өздері қабылдайды.

«Бірақ бұл жерде бірінші кезекте баланың мүддесін, оның болашағын ойлау керек. Сондықтан, түпкілікті шешім ата-ананың қолында екеніне қарамастан, біз өз тарапымыздан жазғы мектепке баруға кеңес береміз. Өйткені бұл, ең алдымен, балаларға қажет», – деді Гүлмира Кәрімова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!