Атырауда жеткіншектердің санасын деструктивті идеологиямен улап жатыр деп шу болған мектепке қатысты сот шешімі шықты. Жекеменшік білім ошағы айыппұлмен құтылды, деп хабарлайды Экспресс К.
Атырау қаласының мамандандырылған соты «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС-не қатысты істі қарады. Соттың ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, аталмыш білім қабырғасына айыппұл салынған.
Ұлттық білім беру дерекқорының деректері бойынша, «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2022-2023 оқу жылына 7 сыныпқа 101 оқушыны қабылдай отырып, тіркеусіз және рұқсатсыз білім беру қызметімен айналысқан,
— делінген ақпаратта.
Осылайша сот қаулысымен аталмыш мектепке әкімшілік кодекстің 463-бабы 1-бөлігі (Тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда, тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша 53 603 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Әзірге Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. Бір айта кетерлігі, мектепке бұл баптың санкциясымен қызметін тоқтату қарастырылмайды.
Еске салайық, Экспресс К бұған дейін белгілі блогер Нұргүл Мұқышеваның Атыраудағы жекеменшік Ұлттық қыздар мектебінде жат ағым насихатталып жатыр деп мәлімдегенін жазған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!