«Білімді ұлт: білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» атты форумға 23 мың ұстаз қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәстүрлі жиынға Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Сингапур мұғалімдер одағының Бас хатшысы Майк Тируман, Хельсинки қаласы білім департаментінің қызметтерді дамыту бөлімінің басшысы Марье Киллонен, білім беру саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар, мұғалімдер және ата-аналар қауымдастығының 23 мыңнан астам өкілі қатысып жатыр.

Форумның мақсаты – білім беру сапасын арттыру бойынша нақты кейстерді талқылау үшін диалог алаңын ұсыну, қаланың білім беру жұмысының жүйесін жақсарту үшін практикалық тәжірибемен алмасу. Алматы әкімі Ерболат Досевтың айтуынша, бүгінгі күні жекеменшік мектептердің әлеуеті зор.

«Бүгінгі күні балалардың талантын дамытуға мүмкіндік туды. Алматы қаласында шығармашылыққа, цифрлы технологияға, инновацияға бағытталған мектептер бар. Олардың нәтижесі өте жақсы. Жаңа оқу жылында екі жекеменшік мектеп ашылады. Мысалғы, Мәскеуде мектептердің үштен бір бөлігі жекеменшік. Алматыда солай болу керек деп ойлаймын. Сапалы білім – жас ұрпақтың болашағы»,- деді Ерболат Досаев.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов алдағы уақытта жекемешік мектептер тегін оқулықпен қамтамсыз етілетінін айтты.

«Қазір жекеменшік мектептердің басым бөлігі қосымша қаржы алмайды, себебі жекеменшік білім оршақтарына жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілген. Сондықтан аталған мектептер оқулықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар, курс мәселесі туындап отыр. Министрлік алдағы уақытта тиімді шешім қабылдайтын болады»,- деді министр.

Сондай-ақ отырыс барысында алдағы оқу жылында қала мектептерінде білім беру сапасын арттыру жолдары талқыланды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!