Гүлзат Шынтасова – педагогика ғылымдарының магистрі, Қызылорда қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол білім беру ісінде үздік нәтиже көрсетіп, түрлі байқауда топ жару арқылы кәсіби шеберлігін көрсетуде. Жуырда ұлағатты ұстазбен сұхбаттасып, мамандық турасында әңгіме өрбіткен едік.

Гүлзат Бурабайқызы, алғашқы сауалды ұстаздық жолға келуіңізден бастасақ. Неліктен мұғалім болуды таңдадыңыз?
– Мектеп қабырғасынан бастап шығармашылыққа, көркем әдебиетке жақын болдым. Белсенділігім де осы тұста анық аңғарылатын. Түрлі сайыстар, олимпиадалар осы мамандыққа келуіме жетелеген қозғаушы күш десем артық айтқандығым емес. Оның үстіне мінезім, қалпым мұғалім имиджіне сай келетін). Мектеп бітірген соң ойланбастан осы жолды таңдадым, оған еш өкініш жоқ. Жаныңа жақын, сүйетін ісіңмен айналысқанда әр адамның шабыты ашылады. Сондықтан оқушылардың жұлдызын жағып, елдің болашағына үлес қосатын абыройлы ісім– өмірдегі қатесіз таңдауым деп айта аламын.
– Балаға жаттанды жолмен білім үйрету нәтиже бермесі анық. Жаңа тәсіл, ерекше көрнекілік пайдаланудың уақыты келді. Сіз сабақ барысында қандай ерекше әдістемені қолданасыз? Өзіндік білім беру моделіңіз бар ма?
– Осы сұраққа үнемі «3Ж» деп жауап беретін едім: жауапкершілік, жан-жақтылық, жаңашылдық. Бұл да менің кішігірім моделім шығар. Себебі,мұғалімге тек білімді болу жеткіліксіз. Әрбір сабаққа жауапты дайындалып, шығармашылықпен өту арқылы ғана баланың білімін арттыра аламыз. Дәстүрлі әдістемені жоққа шығара алмаймыз, біз шетелдік модель деп жүргеніміздің бәрі өзіміздің зиялылардың еңбектерінен бастау алады. Тек соны заманына лайықтап, жаңашылдықпен құбылту мұғалімнің шеберлігін қажет етеді. Ахмет Байтұрсынұлының жеті қағидатын үнемі басшылыққа аламын, бұл қазіргі таңда қолданылып жүрген «Блум токсономиясының» нақ өзі. Сондықтан оқушыға өз ойын қазіргі заманмен байланыстыруына, алған білімін тәжірибеде қолдануына жағдай жасауым, яғни функционалдық сауаттылығын арттыруым – жасанды әрі жаттанды білімге жол бермеудің басты әдісі.
Саладағы жетістігіңізбен бөліссеңіз…

  • Облыста Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылғалы осы оқу ордасында жұмыс жасап келем. 10 жылдық тәжірибемде шәкірттерім арқылы, өз білігімді шыңдап отырған ортам арқылы түрлі жетістіктерге қол жеткіздім. Солардың ең маңыздыларының бірі – 2018 жылы республикалық байқауда «Жаңашыл мұғалім» атанып, бес жүз мың теңге сыйақыға ие болуым. Республика көлемінде сабақ беру әдісіммен бөлісіп, мыңдаған ұстаздың арасынан үздік көріну, әрине, мен үшін әрі қарай дамуыма шабыт берді. Осыдан кейін бірнеше облыстық байқауларда қазылық еттім. Бұл да үлкен тәжірибе болды. Әдістемелеріммен бөлісу арқылы 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткізілген республикалық панорамалық сабақтар байқауында жеңімпаз атандым. Мұнда ұлт зиялысының ұлы еңбектерін насихаттап, сабақта қолдану әдістеріммен бөлістім. Жетістікке жету жасқа қарамайды. Жас болып жүріп-ақ бас болуға болады. Ол үшін ең бастысы үздіксіз ізденіс, зерттеу және еңбек қажет.
    – Шәкірт жетісігі — ұстаз еңбегі. Әдеби, пәндік сайыстардан олжалы оралып жүрген оқушыларыңыз туралы айта кетсеңіз.
    – Ұстаздың бағын да, бабын да келтіретін ол – шәкірттері.Оқушының бойындағы отты маздатып, өшіріп алмау – ұстаздың тікелей міндеті. Ол оқушыларды сабақтан тыс уақытта дайындық жүргізіп, сайысқа дайындап, олимпиадаларға қосып жатамыз. Нәтиже де жаман емес. Мәселен, 2021 жылы мектебіміздің 10-сынып оқушысы Мұхитқызы Ханшайым желілік олимпиадада екінші орынды жеңіп алып, Өскемен қаласында өткен «Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиадаға» қатысып келді. Осы жылы 11-сынып оқушысы Сұлтанаева Үміт деген оқушым желілік байқау жеңімпазы атанды. 8-сынып оқушысы Ерланқызы Торғын облыстық эсселер байқауында топ жарды. Айта берсек, мұндай сайыстар көп. Ең бастысы – оқушыға дұрыс бағыт беріп, мүмкіндіктеріне жол ашу. Ана да, дана да, ақын да, батыр да ұстаз алдын көрген, ұстаз соңынан ерген деп жатады ғой. Осындай оқушыларға үлгі болып, болашағын қалыптастыруына кішігірім үлес қоссақ та мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
    – Тәжірибе алмасуға қаншалықты көңіл бөлесіз?
    – Тәжірибе алмасу, тәжірибеңмен бөлісу оқу үдерісінде үздіксіз жүріп отырады. Себебі онсыз мұғалім дамымайды. Өзім жас ұстаздардың қатарынан болғандықтан, бірлестікте әріптестерімнің әдістемелерінен сабақ алып, білгенімді ол кісілермен бөлісіп отырамын. Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибе таратуда орны ерекше. Жақында ғана «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» облыстық форумында өз тәжірибеммен бөліскен болатынмын. Әсіресе, жаңа, тың бағыттағы әдістерді әрбір мұғалім өз қоржынына қосуға асық. Сондықтан мен де даму үшін, өз біліктілігімді арттыру үшін тәжірибе алмасуға үнемі көңіл бөліп отырамын.
    – Бүгінде ұстаз мәртебесі артып, жалақы жайы оңалды. Сондықтан болар, мұғалім болуға талпынған талапкер саны көбеюде. Бұл үрдіс мамандық келешегіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
    – Жалпы, ұстаздың қоғамдағы орны қашан да жоғары болған. Әрине, әлеуметтік жағдайдың жақсы болғаны, жастардың мұғалімдікті таңдауы қуантады. Десе де, материалдық құндылыққа басымдық беріп, осы саланы таңдаған талапкердің болашағы жарқын болады дегенге сену қиын. Өз мамандығын сүйіп, қыр-сырына қанықпайынша, оқушы алдында ұлағатты ұстаз бола алмайды. Соның әсерінен білімсіз ұрпақтың көбеюіне, ұстаздың мәртебесінің төмендеуіне өзіміз жол беріп қоюымыз әбден мүмкін. Сол себепті мұғалім болуға талаптанған жас өз қабілетін мамандығын толыққанды меңгеруге жұмсаса деймін. Бар мәселені білектің емес, білімнің күшімен шеше алатын ұрпақты тәрбиелеу – басты мақсат екенін ұмытпаған абзал.
    – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!