Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова айтты.
«Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа тоқталсақ, белгіленген мақсатты уақытылы орындау тұрғысында басшылардың жауапкершілігі тиісті деңгейде емес деп санаймыз. Өңірлерге аударылған жалпы трансферттердің көлемі өсті. Егер ресурстарды бағыттасақ, онда осы қаражатқа қатысты тиісті жауапкершілік те болуы керек», — деді Н. Годунова.
Оның айтуынша, министрлік мақсатты трансферттерді өңірлерге аудара отырып, қаражатты игеру бағытындағы нәтиже бойынша өзін жауапкершіліктен босатқан.
«Өңірлер бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу тұрғысында салалық министрліктердің мониторингі іс жүзінде қарастырылмаған. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың жабдықтармен қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізілмейді. Аймақтарға ақша берілді, алайда одан кейінгі мәселе бақылаусыз қалып отыр. Осының салдарынан сапасыз салынған мектеп және басқа нысындар жайында проблема болып жатады», — деді палата басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, заңнамалық деңгейде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын игеретін өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет.
«Былтыр Оқу-ағарту министрлігі құрылыс саласы өздерінің профиліне жатпайды деген желеумен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асырудан бас тартты. Нәтижесінде жобаны Samruk-Kazyna Construction жүзеге асырып жатыр. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу ережелері сақталмауы мүмкін деген күдік бар. Бұл бағытта қомақты қаражат, яғни 2,6 трлн теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл саладағы іс-қимылдарға қатысты тиісті сұрақтар пайда болды», — деді Наталья Годунова.
Айта кетейік, Samruk-Kazyna Construction акционерлік қоғамы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының нысаналы құрылыс дирекциясы болып отыр. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың аяғына дейін Қазақстан бойынша 401 жаңа заманауи мектеп салу көзделген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!