Алматы облысында 10-сынып оқушысы мектептегі әлімжеттікке шыдамай өзіне қол салмақ болған. Кәсіпкер Ақмарал Басированың мәліметінше,баланы өлімнен ағасы құтқарып қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ақмарал Басированың сөзінше, оқушы бірнеше шағымданып, жоғары сынып оқушыларының ұрып, ақша беруін талап ететінін айтқан. Алайда мектеп әкімшілігі еш шара қолданбапты.
«Інісінің оғаш әрекетін байқап, лашыққа соңынан бармағанда, ол өзіне қол салатын еді. Мектепте тәртіпсіздік орнаған. Сондықтан оқушы бар мәселеден осылай құтылмақ болыпты. Қазір мектеп директорыв әлі өз орнында отыр. Облыстық та, аудандық білім басқармалары шара қабылдамады. Астанадан тексеріс келеді деді. Бұл мектептің директоры болып отырғанына 15 жыл болған», – деп жазды ол өз Facebook-парақшасында.
Ақмарал Басирова мектеп басшылығының әлі қызметтен қуылмағанына өз наразылығын білдірді. Ал Алматы облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқушылар болған оқиғадан кейін татуласқан. Ата-анасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты.
«Булингке қатысты оқушы мектепішілік есепке алынған. Сонымен қатар, тәртіпсіздікке барған оқушының ата-анасына ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 127 бабы бойынша (Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөнiндегi, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы) әкімшілік өндіріс қозғалып, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған», – делінген хабарламада.
Қазір полиция департаменті Қылмыстық кодексiнің 105-бабымен (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) қылмыстық іс қозғалды.
«Сынып жетекші, психологтар мен мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тәртіптік жаза «сөгіс» жарияланды. Қазіргі таңда ата-аналар, мектеп ұжымы мен оқушылар арасында «булингке бармау», «Өзара сыйласымдылық пен құрмет» тақырыптарында бейресми әңгімелесу және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп қосты білім басқармасының өкілдері.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!