Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жиын өтті.
Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді дамыту бағытындағы негізгі міндеттерді атап өтіп, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Ғылым және білім, экология, энергетика, су шаруашылығы салаларына кеңінен тоқталып, жаңа министрліктер құрылатынын жеткізді.
Жиынға қатысушылар Президент Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру мақсатында жүргізілетін жүйелі жұмыстарды талқыға салды.
Университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, «Бірлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы Жандос Базартай Жолдаудың ел дамуы үшін маңызы ерекше екенін айтты.
–Жолдау бүгін атқарылуға тиісті өзекті міндеттерді, ертең бағындырылатын межелерді егжей-тегжейлі тиянақтаған. Олар ашық экономика мен ұлттық өнеркәсіпті қолдау, аграрлық өнеркәсіп пен аграрлық ғылымды дамыту, жаңғыртпалы энергетика көздерін дамыту, ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру мен жобаларды венчурлық қаржыландыруды, сонымен қоса барлық салаларды цифрландыру үдерісін де қамтып жатыр. Бірінен бірін бөле-жара қарау еш мүмкін емес, – деді Жандос Нұртайұлы.
Сондай-ақ, жиында Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Жорабек Нұрымбетов, философия ғылымдарының докторы, университеттің «Философия және әлеуеметтік-гуманитарлық пәндер циклы» кафедрасының профессоры Баймырза Қожамберлиев, «Аманат» партиясы Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Гүлшат Мұсаева баяндама жасады.
Айта кету керек, басқосуға қоғамдық ұйым өкілдері, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!