Мassaget.kz. Threads желісінде мектеп психологы Гүлсезім Жасқайратова қызметінің кемшіл тұстары мен қазіргі жүйе туралы өткір пікір білдірді. Психологтың жазбасына депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдірген. Желіде жанайқайын жеткізген психологпен сұхбаттасып, мәселенің анық-қанығын білдік.

«Психологтың жұмысы қағаз емес, бала болуы керек»

Гүлсезім Жасқайратова желіде жариялаған жазбасында «өзін психолог емес, тест өткізетін оператор сияқты сезінетінін» айтқан.

“Жұмысымыз қағаз, тест, есеп емес, бала болуы керек“. Мектеп психологы өткір пікір білдірдіThreads желісінен

Ол мектепте психолог болып жұмыс істеп жүргеніне 4 жылдан асқан. Жазбасында ешкімді айыптамағанын, тек күнделікті жұмыс барысында көріп жүрген шынайы мәселені жеткізгенін де айтты.

«Қазір мектеп психологтарының жұмысында тест өте көп. Жоспар бойынша өтетіндері бар, одан бөлек қосымша тапсырмалар, тесттер, толтырылуы керек есептер келеді. Әр тесттің нәтижесін шығару, талдау, есеп жазу керек, осының бәрі уақыт алады», – деді ол.

Маманның сөзінше, бұл тұста тағы бір мәселе бар: кейбір сұрақтар қазақ тіліне дұрыс аударылмаған, оның мағынасын түсінуде оқушы түгілі, мұғалім ойланып қалады. Оның пікірінше, кейбір сұрақтар балаларға ауыр тиеді, көңіл күйіне әсер етеді.

Сонымен қатар, оның сөзінше, ең қиыны – қағаз бен тест көптігінен психологтың балалармен тікелей жұмыс істеуге уақыты аз қалуы. Маманның ойынша, әріптестерінің негізгі міндеті балалармен арада сенім орнату, жеке сөйлесу секілді жұмыстар болуы керек.

«Психологтың жұмысы қағаз емес, бала болуы керек. Баланың психологиялық жай-күйін бірінші орынға қоятын болсақ, психологтың негізгі уақыты компьютердің алдында емес, оқушының жанында өтуге тиіс», – деді ол.

Гүлсезім Жасқайратованың сөзінше, қайталанатын есептерді азайтып, психологты бұл жүктемеден босату қажет. Себебі бір ақпаратты бірнеше жүйеге енгізу маманның уақытын ғана емес, энергиясын да алады.

«Тесттер сан үшін емес, нақты қажетіне қарай жүргізілуі керек», – деді ол.

Сонымен қатар, психолог мектептегі сабақ кестесіне арнайы психологиялық сағат енгізуді ұсынды.

«Аптасына белгілі бір уақытта психолог пен оқушылар жүйелі түрде кездесіп отырсақ, барлық оқушымен тығыз байланыста болып, оларды тек қағаз жүзінде емес, көзбе-көз көріп, көңіл күйін, мінез-құлқындағы өзгерістерді уақытында байқай алар едік», – деді Гүлсезім Жасқайратова.

Депутат не дейді?

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads желісінде психолог Гүлсезім Жасқайратованың жазбасына былай деп пікір білдірген:

«Дәл осындай мәселелер үшін арнайы заң жобасын әзірледік. Ұстаздар мен мектеп психологтары тест өткізуші, есеп беруші емес, бала жанын түсінетін маман болуы керек. Бұл бастама нақты жеңілдік әкеледі деп сенемін».

Айта кетейік, қазір Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын қарастырып жатыр.

Руслан Базарбаев

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!