Журналистика − қазіргі заманда ең маңызды әрі өзекті саланың бірі. Қоғамда болып жатқан түрлі оқиға мен мәселенің нағыз қозғаушы күші осы мамандық иелері. Бұл сала ешқашан ескірмейтін, керісінше алға қарай өркендейтін дамушы мамандық болып табылады. Себебі қоғамда болатын әрбір мәселенің ақ-қарасын БАҚ айқындайды. Журналистика − нағыз шынайылықты көздейтін әрі дәйекті ақпараттарды таратушы қызмет. Ал оған қойылатын талап қандай?
Шынында да қазір түрлі әлеуметтік желілердің дамыған заманы. Ақпарат көздері мен жаңалықтарды ең алдымен теледидардан емес, интернеттен оқып жатамыз. Алайда сол ақпараттардың шынайы не жалған екендігіне кім кепіл? Әрине, осының бәріне тек бір жауап − журналистика. Себебі журналистиканың басты қағидасы дәлдік пен адалдық болып саналады.
Сондай-ақ әрбір жас журналист сауатты, білімді, ізденімпаз болуы керек. Ең бастысы өз арман-мақсаттарына тек еңбектену арқылы қол жеткізе алатынын түсіну маңызды. Бұл өздері үшін үлкен көмек әрі арманына алғашқы қадам басу болып саналады.
Екіншіден, әр журналистің өз ұстанымы, қағидалары және өзгеден ерекшеленіп тұратын жеке позициясы болғаны дұрыс. Мұның барлығы журналистің өзгеден ерекше тұсы. Ол сол арқылы өзіне деген халықтың ілтипатына бөлене алады. Сондай-ақ өзін халық алдында жеке тұлға ретінде қалыптастырып, ел алдында сыйлы адам ретінде есте қалады.
Ол үшін фишкасы қалыптасуы қажет. Оларға кез келген ұтымды әрі көрермендерге өтімді дүниелер жатады. Ал жалпы журналистер үшін басты қару ұшқыр ой, нақты әрі анық сөйлеу мәнері, сауаттылық және халықпен тығыз байланыс. Мәселен, журналист ұтымды сөйлей алатын болса ол кез келген уақытта төтеден қойылған сұраққа еш мүдірместен, толық сеніммен жауап қайтарады.
Жалпы, журналистика жан-жақты дамыған сала. Бұл салада екінің бірі жұмыс істей алмайды. Оған артылатын жүк, жауапкершілік те аз емес. Сондықтан болашақ журналистер ерте кезден өздерін белгілі талаптарға сай бейімдеп, ізденісте болғаны абзал. Ендеше, жас журналист біздің қолымыздан бәрі де келеді, ол үшін аянбай еңбектеніп алға қарай өрлеп, дамуымыз керек!
Зейнеп АМАНГЕЛДІ,
№257 орта мектептің 11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!