«Болашақ» университетінің жоғары колледжі үшін 2024-2025 оқу жылының алғашқы айлары жағымды жаңалықтармен басталды. Тоқтала кетсек, «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 1 курс студенті Данияр Қалдыбай Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында ел абыройын асқақтатып, жеңімпаз атанды.
Колледж студенттері спорттық сайыстарда ғана емес, білім додасында да өз бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Оған дәлелі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 1 курс білім алушылары арасында өткізілген жалпы білім беру пәндерінен облыстық Олимпиадада топ жаруы. Мәселен, «Информатика» пәні бойынша облыстық сайыста Бибіфатима Оразхожаева жүлделі ІІ орынмен, «Физика» пәні бойынша Ернұр Қожабек ІІІ дәрежелі дипломмен, «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша Аймира Жеңісқызы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жеңіс тұғырынан көрінген білім алушыларымыз қазіргі таңда көптеген білім додасында жүлделі орындарға ие болып жүр.
Бүгінде білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білімнің халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы зор. Өйткені бұл жас ұрпаққа сапалы білім берудің негізі болып табылады. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту – заманның басты талабы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте білім деңгейімен айқындалады» – деген байламы жеке адамның құндылығын арттыру, оны дайындайтын ұстаз жауапкершілігінің өсуі, тынымсыз еңбек, сапалы нәтиже деген ұғыммен егіз. Бүгінде білім беру саласында әртүрлі сипаттағы және бағыттағы инновациялар күн сайын енгізілуде.
Ағылшын тілі – қазіргі заманда жаһандық тіл. Бұл тілде әлемнің көптеген мемлекеті сөйлейді. Бірнеше тілді меңгерген азамат өз елінде де, шетелде де бəсекеге қабілетті тұлғаға айналары сөзсіз. Қазіргі қоғамда ағылшын тілін білу үлкен мүмкіндіктер береді. Колледждің «шетел тілі пәнінің мұғалімі» біліктілігі бойынша білім алатын студенттері де өз біліктіліктерін көптеген сайыстарда паш етіп жүр. Мәселен, Қызылорда қалалық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылар арасында өткізілген «Social media: advantages and disadvantages» тақырыбында ағылшын тілінде өткізілген пікірсайыста колледж студенттері жүлделі ІІ орынмен марапатталды. Осы тұста білім алушыларға жетекшілік еткен арнайы пән оқытушысы Ләйлә Кенжалиеваның еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Жыл сайын Қызылорда облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары арасында «Үздік жалпы пән оқытушысы» байқауы өтеді. Байқаудың мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында инновациялық ақпараттық-коммуникативтік технологияларды терең меңгерген, ғылыми-әдістемелік, шығармашылық құзыреттілігі қалыптасқан талантты, жаңашыл ізденімпаз оқытушыларды анықтау, жалпы пән оқытушыларының мәртебесін көтеру; жалпы пән оқытушыларының озық іс-тәжірибелерін насихаттау және тарату; жаңа инновациялық технологияларды пайдалану, педагог имиджін қалыптастыру. Осы ретте байқау қорытындысы бойынша, колледждің «Математика» пәнінің оқытушысы Аяулым Тлекенова жүлделі ІІІ дәрежелі орынды жеңіп алғанын айта кету керек.
Білімге құштар колледж студенттері өнерден де қалыс емес. Қазақстанның халық жазушысы, публицист, аудармашы және қоғам қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының бастамасымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында өткізілген «Теңдесі жоқ кемеңгер жазушы» тақырыбындағы байқауда колледж білім алушылары ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жоғары колледждің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуы. Сондықтан бұл тұрғыда атқарылатын жүйелі жұмыстар өз жалғасын таба бермек.
Ақтоты БАҚИ,
«Болашақ» университетінің жоғары колледж
директорының оқу-әдістемелік жұмыстар
жөніндегі орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!