Ұлттық зияткерлік меншік институтының ұйымдастыруымен өткен республикалық эссе байқауында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Нұрсұлтан Талғатұлы мен Жібек Көшербаева жүлделі ІІ және ІІІ орынды иеленді.
Байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде барлығы 81 эссе келіп түскен. Оқушылар зияткерлік меншікке қатысты пікірін білдіріп, өнертабыстарымен бөлісті.
Айталық, байқауда Нұрсұлтан жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетуге арналған «PsyAid» веб-қосымшасын таныстырды. Ол психолог-оқушы және психолог-ата-ана арасында онлайн диалог құрастыра отырып, оқушылардың өзіндік мәселесін шешуге ықпал етеді. Сонымен қатар бағдарлама қолданушыларға психологиялық сау және дамыған тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін жаттығр мен кеңестерді ұсынады.
‒ «PsyAid» қосымшасы болашақта сұраныс пен қолдауға ие болатын болса, мен кәсіпкерлік құқығымды жүзеге асырамын, яғни болашақта қосымшаны еркін түрде дамытып, пайдаланумен қатар патенттемекпін. «PsyAid» қосымшасы Қазақстандағы жасөспірімдердің менталды денсаулығын нығайтуға ықпал етеді, ‒ дейді жас өнертапқыш.
Ал Жібектің идеясы көлік қозғалысын реттеуге және кептеліс мәселесін шешуге бағытталған. Оның айтуынша, автожолдарды сандық жүйеге айналдыру арқылы жүргізушілерді қай аумақта көлік кептелісі бар екенін, жоспарланған аумаққа жетудің ең тиімді жолын тандауға көмектеседі.
‒ Автокөлік қозғалысы смартфонға байланысты болады. Ол үшін көшелер компьютер-камералармен, арнайы датчиктермен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл сандық технологиялар жол көлік қозғалысының қауіпсіздігіне оң әсерін тигізеді, ‒ дейді Жібек.
Сырбойылық зияткерлер ‒ «Болашақ сенің қолыңда: ойлан тап та, жасампаз бол» дәстүрлі байқауының тұрақты қатысушылары. Бұл сайыста жастар шығармашылық жұмыстары арқылы зияткерлік меншік саласындағы білімдерін арттырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!