Осы уақытқа дейін «Бастау бизнес» бойынша 44 362 жоба іске қосылды және 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Мұндай статистиканы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн-брифингте айтты.
Палата мәліметінше, 2017-2020 жылдар аралығында «Бастау бизнес» жобасы бойынша жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 151 528 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Олардың ішінде 4 жылда 44 362 жоба іске қосылды. Оның 36 пайызы микронесиелер есебінен және 64 пайызы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде гранттық қаржыландыру есебінен білім алды.
– 30 188 адам оқытылды, бұл – жоспардың 101 пайызы. Жоспарлы санның асып кетуі өңірлерде оқуға нақты қажеттіліктің болуына байланысты. 30 188 оқуды аяқтағандардың ішінде 19261-і жұмыссыз, 8733-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған және 2194-і ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, – деді Нариман Әбілшайықов.
Сонымен қатар Нариман Әбілшайықов «Бастау бизнес» жобасында оқыған түлектерге жаңа мүмкіндіктердің беріліп жатқанын атап өтті.
– Алдағы күндері пандемия уақытында зардап шеккен жоба түлектері төмен пайызбен несие рәсімдей алады. Оқыту микронесие берілуге байланысты жүргізіледі. Бұл оқытуды, микроқаржыландыруды, жобаларды сүйемелдеуді қамтитын тұтас бір экожүйені құруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Республика бойынша барлығы 15 микроқаржы ұйымы ашылып, оларға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы берілді. Барлық Микроқаржыландыру ұйымдары 15 шілдеден бастап өтінімдерді қабылдауды бастады. Қазіргі уақытта 3 млрд теңгеден астам сомаға 600-ге жуық өтінім қабылданды.
– Бастау бизнес» жобасының түлектері әрқашан мемлекеттің қолдауын сезінеді. Міне, қазір де Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен оқуға қатысушыларды қаржыландыруға жеткілікті қаражат бөлінді. Біз ЖАО-мен бірлескен микроқаржылық ұйымдар желісі жылдық 6 пайыздық жеңілдікті мөлшерлеме бойынша микрокредиттеудің қолжетімділігін арттыратынына сенімдіміз. Сонымен қатар несиені өтеу кезінде демалыс кезеңі де қарастырылған, – деп толықтырды Нариман Әбілшайықов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!