29 маусым күні «Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттарға ашық байқау жариялады. Грант сомасы – 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін. Байқауға өнім қабылдау «Qoldau» платформасында басталып кетті. Осы ретте, Dauletten.kz сайты бизнес-тәлімгер Самал Атагелдіден бағдарлама жайлы толығырақ сұрап білді.

– 2-5 миллион теңге ұтып алуға бағыталған гранттар жайлы толығырақ тоқталсаңыз

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» негізінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін гранттар беріледі. Бұл қайтарымсыз негіздегі гранттар, яғни бизнесті қолдау мақсатында ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге өтеусіз негізде ұсынылады. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Байқауға қатысу үшін қажетті құжаттарды электронды түрде «Qoldau» платформасына жүктеу керек.

– Жоба шарты қандай және кімдер қатыса алады?

– Үміткерлер жобаға онлайн форматта қатыса алады. Өтінімдерді қабылдау 12 шілдеге дейін жалғасады. Жобаға қатысу үшін үміткер міндетті түрде кәсіпкер болуы керек. Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан «кәсіпкерлік негіздерін» оқыды деген сертификат болуы шарт. Байғауға жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар, 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – белгіленген құжаттарға сәйкес, «Qoldau» платформасына өтінім жіберу. Екінші кезең – арнайы комиссия алдында дайындалған бизнес-жоспарды қорғау. Сәйкесінше, ұсынатын бизнес-жоспардың жаңашылдығы болуы керек.

– Байқауға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

  • Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес дайындалған бизнес-жоба;
  • басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама (бар болса);
  • Бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкердің оқудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 2 (екі) жылдан аспайтын құжат;
  • Берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 % мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды (бизнес-жобаға қатысатын ақша қаражатымен, жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен) қоса қаржыландырудың болуын растайтын құжаттар, кәсіпкердің ағымдағы шотында ақша қаражатының болуы туралы банктік шоттан үзінді көшірме немесе бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүліктің бағалау құнын растайтын құжаттар (халықтың әлеуметтік осал топтарын қоспағанда);
  • Өтінім берушіде халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылу мәртебесінің бар екенін растайтын құжат.     

– Үміткерлерді таңдау барысында басымдық неге қойылады?  

– Өтінім жіберген үміткерлер арасында таңдау басымдығы бизнес- идеяның жаңашылдығына аса мән беріледі. Бизнес-жоспар өткізу барысында басқа кәсіп түрлерінен артықшылығы, мамандардың тәжірибесі, жұмыс барысы ескеріледі. Әлеуметтік жағынан осал топтарға бизнес-жоспар өткізу барысында жаңашылдық талап етілмейді. Грантты ұтып алу үшін экономиканың басым секторындағы жаңа бизнес идеялар ұсыну керек. Жаңа бизнес-идея бұрын қолданылмаған материалдарды, технологиялар мен əдістерді қолдана отырып тауарлар шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кəсіпкерлік бастаманы айтамыз.

– Бизнес жоспар жасағанда неге мән берген дұрыс?

– Жалпы бизнес жоспар жасау кез келген кәсіп түрі үшін маңызды. Себебі әр құрылған жоспар компанияның болашағына тікелей әсер етеді. Ұтымды құрылған стратегия кәсіптің алға жылжуына септігі мол. Осы орайда, 2-5 млн теңгенің гранттарын жеңіп алу үшін де дұрыс бизнес-жоспар құра білу керек. Бизнестің бағытын, орнын анықтап, арнайы келісімшарттар жүргізілуі тиіс. Кәсіптің өнімі, қызметі мен сапасы басқа кәсіпкерлерден айырмашылығымен ерекшеленуі керек. Жобаны дұрыс дамыту үшін шығындар мен жоспарлы кіріс мөлшерін есептеп, ықтимал клиенттерді анықтау маңызды. Бизнес-жоспар жасау барысында оның мақсаты мен қаржылық жоспарын сәйкестендіре білу керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!