Білетініміздей, осыдан бес жыл бұрын кәсіпкерлік қызметті тіркеу және салық тапсыру жүйесі жеңілдетілген болатын. Содан бері көптеген азамат бизнес бастауға мүмкіндік алып, Қазақстан саладағы қолайлы орта құру бойынша алдыңғы қатарға шықты. Оның ішінде қажетті қызметтерді онлайн алу орайы, кәсіпті жылдам тіркеу мүмкіндігі ерекше назарда болғаны шындық. Ал биылғы ахуал қай деңгейде? Жеке кәсіптің салық жүйесінде нендей өзгеріс бар? Аталған сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті тіркеудің әдісі көп. Салық органына құжат тапсырып, ескі тәсілді қолдануға немесе уақыт үнемдеп, онлайн қызметке жүгінуге де құқыңыз бар. Көбі соңғы нұсқаны таңдап, үйде отырып-ақ кәсібін тіркеуге көшкен. Онлайн-сервистер, яғни, «электронды лицензиялау» порталы немесе Egov, Halyk Bank және Kaspi.kz мобайл қолданбалар арқылы тіркеуге болады. Биыл бұл бағытта айтарлықтай жаңалық жоқ.
Ал, жеке кәсіпкерлерге салынатын салық жүйесіне өзгеріс енді. Атап айтсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жекелеген кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бірқатар санаттарын салықтан босату жеңілдігінің мерзімі аяқталды. Енді 1,2 миллионға жуық шағын және микробизнес өкілдері қайтадан табыс салығын төлеуге мәжбүр болады. Есте болса, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын және микробизнес субъектілері салық төлеуден босатылған болатын. Бұл мүмкіндікті қызметкерлердің орташа жылдық саны 15 адамнан аспайтын немесе орташа жылдық табысы 30 000 АЕК-тен аспайтын компаниялар (микрокәсіпорындар), сондай-ақ қызметкерлерінің орташа жылдық саны 100 адамға дейінгі және орташа жылдық табысы 300 000 АЕК аспайтын жеке кәсіпкерлер (шағын кәсіпорындар) мен заңды тұлғалар пайдаланғанын білеміз. Елдегі кәсіпкерлікті ілгерілетуге де аталған артықшылық себеп болғаны анық. Енді, міне, биыл салық төлеу жүйесі қалпына келді. Яғни, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, бірыңғай жер салығы қайта оралады деген сөз.
Салық туралы ой тарқатқанда саладағы оң өзгерістерді де айта кеткен жөн. Мәселен, жуырда Kaspi.kz Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп кәсіпкерлер үшін тағы бір онлайн сервисті іске қосты. Енді жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер Kaspi Pay қосымшасындағы «Салық» бөлімінде 910-нысан бойынша салық есебін тапсыра алады. Бұл өзгерістің мән-жайын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев тарқатып, отандық БАҚ-та мәлімдеме жасаған болатын:
«Мемлекеттік кірістер комитеті екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтастық аясында Kaspi Pay платформасында шағын бизнес субъектілері үшін 910-нысанды салық есептілігін қабылдау сервисін тегін іске қосты. Бұл сервис салықты есептеуге, есептілікті жасауға және ұсынуға жұмсалатын уақытты үнемдей отырып, салық міндеттемелерін жылдам, қолжетімді, уақтылы орындауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта ынтымақтастық қолайлы жағдай жасап, салық төлеушілер мен мемлекеттің арасындағы өзара іс-қимылды жақсарта отырып, жалғасын табады».
Kaspi.kz-тің басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе де аталған қадам бизнес өкілдерінің жұмысын жеңілдететініне сенім білдіріп, компанияның жаңа деңгейге көтерілгенін сүйіншілеген еді.
«Kaspi Pay – қазақстандық кәсіпкерлер үшін Kaspi.kz-тің ең танымал қосымшасы. Басты мақсатымыз – кәсіпкерлердің өмірін жеңілдету әрі жақсарту. Біздің жаңа «Салық есебі» сервисінің көмегімен жеке кәсіпкерлер енді салық есебін онлайн, жылдам әрі оңай тапсыра алады. Команда­ларымыз бірлесіп әзірлеген тағы бір табысты сервис үшін Мемле­кеттік кірістер комитетіне, сондай-ақ ҰАТ АҚ пен Цифрландыру министрлігіне рақмет айтамыз!» – деді ол.
Мұнымен жеке кәсіпкерлікте жаңалық түгесілмеді. Ендігі өзгеріс біріңғай төлем төңірегінде болмақ. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке кәсіпкерлер үшін бірыңғай төлем енгізді. Жұмыс берушілердің жүктемесін азайтуға және қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған бастама қоғамда қызу талқыға түсуде. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бірыңғай төлем көлемі жыл сайын ұлғая бермек.
«Бірыңғай төлем ставкасының жыл сайын ұлғаюы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарна­ларының енгізілуімен байланысты. Сондай-ақ 2028 жылы 1,5%-тен 5%-ке дейін өсуімен, сондай-ақ бірыңғай төлем төлеушілер үшін 2025 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар ставкасының 3,2%-тен 4,5%-ке дейін өзгеретін болады», – делінген хабарламада.
Жеке кәсіпкерлер бірыңғай төлемді есептік айдан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей төлеуге тиіс. Айта кетейік, бірыңғай төлемдерге жеке табыс салығы, Бірыңғай жинақ­таушы зейнет­ақы қорына міндетті зейнетақы жарналар, Мем­лекет­тік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдар және жұмыс берушінің БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналары жатады.
Жалпы, аталған өзгерістер елдегі бизнеске қойылатын талаптарды оңтайландыру, кәсіпкерлікті өркендетуге септесу амалынан туса керек. Себебі, қазіргі таңда ресми қолданыстағы 10 мыңнан астам талап жаңа саясатқа сай келмейді. Ұлттық экономика министрінің ақпарынша, кәсіпкерлікті реттеудің 44 саласына талдау жүргізілген. Нәтижесінде 66 жобаға түзету енгізу қажет. Министрдің айтуынша, негізсіз тексеру, артық салық сынды кедергіге енді жол берілмейді. Нәтижесінде 2029 жылға қарай шағын және орта кәсіп иелерінің саны 4,7 млн-ға дейін өседі деген болжам бар.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!