Ауыл шаруашылығы министрлігі «қаңтарда іске қосылады» деген GOSAGRO.KZ порталы әлі жұмыс істемейді, ал Qoldau.kz жұмысын тоқтатқан. Енді салада қызмет ететін 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің қаңтар-ақпан айларына арналған субсидиясын ала алмай отыр.
Бұл мәселе Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені комитетінде қаралды.
Шараға кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова, комитет мүшелері, «Атамекен» ҰКП-ның, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, несие серіктестіктерінің өкілдері мен тауар өндірушілер қатысты.
Осыған дейін «Сыбаға», «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге шамамен 20 пайызбен несие берілген. Оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, қалғанын мемлекет субсидиялайды. Министрлік енгізген GOSAGRO.KZ порталының әлі күнге іске қосылмауынан фермерлер қаңтар-ақпан айларына арналған субсидияны ала алмай, несиені 20 пайызбен төлеуге мәжбүр.
«Ақпанда төлеу керек, төлемесек «қара тізімге» енеміз. Қаржыны қайдан табамыз? Өзі қыстан әрең, арық шыққан малды қалай сатамыз? Шаруаны да ойлау керек шығар?! Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған біз ғой», – деді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Биманов.
Облыстағы жауапты мемлекеттік орган басшылары да субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің мәселесінен хабардар. «Былтырдан бері министрлікке отыздан астам ұсыныс бердік» деп отыр.
«Проблема бар. Бағдарламаны әзірлеушілерге де, министрлікке де мәселені айттық. Біз жаңа ақпараттық жүйе толық іске қосылып кеткенше Qoldau.kz-пен жұмыс істеуді ұсынып жатырмыз, бірақ әзірге мәселе шешілген жоқ», – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетов.
«Шаруалар алға қойған міндетін адал атқарып отыр, мемлекет те міндеттемесін толық орындаса» деген несие серіктестіктерінің басшылары проблеманы қазір шешпесе фермерлерге салмақ түсетінін айтты.
«Бұл – қолдан жасалған мәселе. Жұмыс істеп тұрған платформаның күшін жойып, шикі, іске қосылмаған, әлі зерттелмеген бағдарламаны заңға енгізіп жіберді. Болар іс болды ғой. Біз шаруаларға «қорларыңызды мына уақытқа дейін дайындай беріңіздер» деп айтайын десек порталдың қашан ашылатыны да белгісіз. Оған ешкім нақты жауап бермейді. Біздің несие серіктестігі арқылы биылға 186 қарыз алушыға 300 млн теңге субсидия қажет. Портал іске қосылмаса фермерлер 300 млн теңгені өз қалтасынан шығару қажет деген сөз», – деді «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы Алмат Абдуллаев.
Несие серіктестігінің басшысы тығырықтан шығудың жолы ретінде өтінімдерді уақытша қағазбен тапсыруды ұсынып отыр.
«Бізде бар мәлімет бойынша республика көлемінде тек қана қаңтарда кәсіпкерлер млрд теңгеге жуық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия ала алмай отыр. Сыйақы мөлшеріне берілетін субсидия өзге субсидиямен салыстырғанда нақты өтінім беру мерзімі нақтыланбайды, демек өтінімдер жыл бойы қарыз бойынша төлемнің келу уақытына қарай жүзеге асырылады. Осындай проблема орын алып жатқанын айтып, Үкіметке хат жолдадық», – деді отырысқа онлайн қосылған «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова.
Ал министрліктегі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру департаменті директорының орынбасары Әлем Жұмабековтың жауабы «портал 1 ақпаннан бастап іске қосылады» дегеннен ары аспады.
Комитет отырысында кәсіпкерлер министрлік өкіліне жаңа порталдың кемшіліктері мен әкімшілік кедергілері туралы айта келе, өзгеріс енгізуді сұрады. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты өзге де ұсынысын айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!