Ұлдананың бос уақыты бола бермейді. Қолөнерді дамытуды қалайтын маман қолы қалт етсе, тігін мәшинесіне отырады. Киім, сөмке, керек десеңіз, перденің түрлі үлгілерін ұлттық нақышта қиюластырады. Матасын, түсін таңдайды. Өз ісін сүйіспеншілікпен атқарып, бір-екі күн ішінде тапсырыс берушінің сұранысына сай
дүние жасап шығарады. Қолынан іс келетін шебердің кестелеп тіккен әсем дүниелері бүгінде дүйім жұрттың кәдесіне жарап отыр. Қосымша қызметімен қатар, ісмерлікті қоса алып жүрген Ұлдананың өнері көпке үлгі десек, артық айтқанымыз емес.
– «Көз – қорқақ, қол – батыр» деп бекер айтылмаған. Себебі жұмыстың ең қиыны бастап кету. Қағаз бетіне салған суретті дәл сол күйінде, әдемі етіп шығару үшін де көп уақыт қажет. Оған қоса мен не тіксем де қазақы ою қосып, салт-дәстүрімізді дәріптеуге күш саламын. Кәсіби бишілердің киімін тігемін. Ойындағы көйлектерін дер уақытында бітіріп беруге тырысамын, – дейді ол.
Кейіпкеріміздің үйіндегі матаның түр-түрі, ине-жіп, түрлі бұйымдар көздің жауын алып, бөлме ішіне ерекше әр беріп тұр. Тапсырыс берушінің көкейіндегісін дөп басу үшін ол ең алдымен ойындағысын қағаз бетіне түсіреді. Дайын болған эскизге жан бітіру мақсатында адамның түр-әлпетіне сай келетін мата, оған үйлесетін моншақ-тастарды таңдайды. Мәселен, қыздарға арналған бір көйлекті тігу үшін бір апта, кейде айдан астам уақыт жұмсалады. Ал ұлттық нақыштағы перделерді дайындауға 1-2 күн кетеді екен.
– Жалпы іс тігу, əшекей бұйымдар жасауға қыздар икемді. Мен де бала күнімнен осыған бір табан жақын болдым. Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білімімді жетілдіргендіктен, бұл іспен айналысу маған қиын емес. Кəсіби тұрғыда айналысып келе жатқаныма көп уақыт бола қоймаса да, халықтың сұранысы мен лебізіне ризамын. Қызығушылық танытатындар өте көп. Жуырда Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшама жазылушылар саны 62 мыңнан асты. Онда тұрғындар тапсырыс беріп, идеяларымен бөліседі, – дейді Ұлдана.
Бала күнінен әдемілікке іңкәр болған кейіпкеріміз бойжеткенде ұлттық үлгідегі дүниелер тіксем деп армандағанын айтады. Журналдардан киім үлгілерін, ұлттық оюларды көрсе, қиып жинаған. Келе-келе бала кезгі арманына қанат бітіп, бүгінде ол өз ісінің маманы екенін дәлелдеуде. Алдағы уақытта өз ісін дөңгелетуді де ойлайды. Жүрек қалауымен атқарылған істің қайтарымы болады. Ұлдана ісмерлікпен қоса, іскерлікті қолға алса, еңбегі еселеніп, жұмысының игілігін көретініне сенімді.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!