Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар кең өріс алғалы халықтың қолы аузына жетіп келеді. Ойында идеясы болғанмен, қолдың қысқалығы балақтан тартып тұрғанда, бұл реттегі жеңілдіктердің қарасы қалың. Шалғай ауылдан шашасына шаң жұқтырмай биік шыңдарды еңсеріп жүрген жандар осылай кәсіптің көзін тауып, мемлекеттің жәрдеміне қол жеткізуде. Солардың бірі – Қармақшы ауданының тұрғыны Айнұр Диқанбаева. Ол осы күні бармағынан бал тамып, жұртшылыққа тәттінің түр-түрін ұсынып жүр. Әлбетте кәсіп бастау үшін алдымен ниет, талап керек. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтпақшы, талап, еңбек, терең ой, қанағат пен рақым бойында болған адам қандай биікті де еңсереді.
Айнұр Диқанбаева – күре жолдың бойында орналасқан Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны. Қыз баланың бойында алдымен ас әзірлеу қабілеті болатыны анық. Ол осы қабілетін кәсіпке айналдыруды көптен бері ойлапты. Бүгінде тұтынушы талғамына сай ауыл тұрғындарының сұранысын ескере отырып, жеңіл әрі тез дайындалатын фастфуд өнімдерін сататын сауда орнын ашып, ауыл тұрғындарына дәм ұсынуды бастады. Ақиқаты сол: фасфуд өнімдерін бұрын-соңды ат арытып үлкен қалаларға барып жейтін тұрғындар дәмі тіл үйірген тағамдарды ауылдан ұзамай татып жүр. Тіпті, «Бұрыннан неге ашылмаған, жақсы екен ғой» деп таң-тамаша болған тұрғындар пікірін құлағымыз шалып жүр. Иә, кәсіптің үлкен-кішісі болмайды, ырзық-несібеңіз қай бағытынан бұйырса, дәм де сол жағынан келері рас. Алыс ауыл демей, шалғай елді мекен демей, тірлігін жолға қойып жүрген кәсіпкердің ынта-ықыласына тәнті болдық. Кәсіп – тоқтаусыз даму, дағдарысқа қарсы тұру, әр сәтте тәуекелге бел буу. Айнұр ханым мұны қаперге алып, бүгін де алға даму үшін өзінің айқын жоспары мен бағытын сызып үлгерген.
– Нан өнімінен түрлі тәттілерді пісіруге бала күнімнен қызығушылығым жоғары. Қолымнан келгенін пісіре отырып, тәжірибе жинадым. Кейін ауыл тұрғындарынан тапсырыс алып, өнімдерімді ұсыну арқылы көпшілікке көріне бастадым. Негізгі дайындайтын тағамдарым – самса, тәтті нан, пицца, құймақ, тіске басар тәттілер. Әсіресе жастар жағы дөнерге көп тапсырыс береді. Осыдан кейін неге кәсіп бастамасқа деген ой келді. Сөйтіп мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алдым. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек, – дейді ол.
Осылайша ойға келген кәсіпті қолға алып, талантымен тау биікке ұмтылған талантты кәсіпкер өз-өзіне талап қойып, жеңіп алған қаражатқа ең бірінші керек құрал-жабдықтарын алған. Осыған дейін жоқтан бар жасаған жан алған қайтарымсыз қаражатқа құрал-жабдықтар алды. Аспаздық аспаптармен жұмыс жеңіл әрі өнімді бола бастады. Бұл әрине еңбек еткен жан үшін үлкен қуаныш.
– Кәсіпке келгенге дейін үйде анау-мынау пісіріп тапсырыс алып жүрдім. Содан түскен қаржыны жинап, ең бірінші дөнер пісіретін пеш алдым. Осылай еңбектенудің арқасында бірлі-жарым құрылғыларға қол жеткіздім. Қазір жастарға мүмкіншілік көп. Тек ерінбеу керек. Кез келген істі бастағанда ол бірден болмайды. Сол үшін сабыр мен төзімділік керек, – дейді Айнұр Диқанбаева.
Әлбетте, ә дегеннен пайдаға шығу кәсіпкер үшін мүмкін емес нәрсе. Сондықтан Айнұр маңдай тердің, ақ-адал еңбектің арқасында осындай зор мүмкіндіктер даңғылына шықты. Бүгінде ол ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтуда. Олар цехта екі кезекпен жұмыс істейді. Яғни, азанғы сегізден кешкі алтыға дейін екі адам нан өнімдерін дайындаса, түнгі сағат он бірге дейін бір адам сол жұмысты жалғастырады.
– Тұтынушы талғамынан шығу – біздің алдымыздағы ең басты міндет. Сондықтан тапсырыс берген тұтынушыға алдымен барлық жағдай жасап, жеткізіп беруге дейін өз мойнымызға алдық. Маркетинг саласы тым қиын емес, ынта болса, үйреніп алуға әбден болады, – дейді жаңашыл кәсіпкер өз ойын білдіріп.
Бүгінде жұртшылық кәсіпкердің жасап жатқан жұмысына дән риза. Алғысын білдіріп кетіп жатқандар да жетерлік. Елді мекенде жалпы кәсіпкерліктің дамуы көңіл қуантарлықтай. Ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымовтың айтуынша, қазір ауылда 125 кәсіпкерлік нысаны бар.
– Біз өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20 шақты кәсіпкерлік нысанын тіркеп отырмыз. Бұл дегеніңіз алақандай ауыл үшін үлкен жетістік. Осы күні «Ауыл аманаты», жастарға арналған 2,5 проценттік жеңілдетілген несие бойынша қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Қайтарымсыз қаражат бағытында да ұлттық жобаның жүзеге асуына барынша ат салысудамыз. Алдағы уақытта да ауылымыздың өркендеуі жолында барынша ықпал етіп, маңдай терімізді төгеміз. Ауылдың өркендеуі – тұтас Қазақстанның дамуы. Бұл әрбіріміздің кеудеміздегі арман мен мақсатпен үндесуі керек. Елді дамытуға айқайлап, ұрандап емес, ісімізбен ат салысып, титтей де болса үлесімізді қосу қамымен жүрміз, – дейді ауыл әкімі Нұрлыбек Сайымов.
Ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Елдегі түтін түзу ұшса, береке мен бірлік те, тындырымды тірлік те болады. Алақандай ауылдың дамуы мен алға басуына барынша ықылас танытып, ынта білдірген ел азаматтары қай уақытта да көш басында болары хақ. Ал Айнұр тәрізді кәсіпкерлердің әрбірі жаңашылдықпен алға қадам басса, біздегі кәсіпкерлік көкжиегі де кеңейері сөзсіз.
Дәулет ҚЫРДАН
Суретті түсірген:
Ерсін Әбләкиев
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!