Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде сабын өнеркәсібі ерекше қарқынмен дамып келеді. Шампунь және үйді тазартуға арналған тауарларға қарағанда сабын өндірісінің даму көрсеткіші жоғары. Оның үстіне сабынды ерітіп, ыдыс-аяқ жууға да, хош иісті ұнтақтарсыз сабынның өзімен әдейілеп киім жуатындар да қатары көп. Себебі мұнда ешқандай химиялық қоспа болмайды.

«Aral Organic» жеке кәсіпкерлігінің иесі Арсена Кушжанова түрлі өсімдіктің қоспасынан сабын дайындайды. Кәсіпкердің өнімі көп сабынға ұқсамайды. Ол түйе, ешкі сүті, жантақ қосылған емдік қасиеті бар өнім шығаруда. Бұл сабын түрлі тері ауруларына және терінің құрғауына қарсы емдік қасиеті бар. Арсенаның идеясы «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауында сұранысқа ие болды.
– Көрмеге өз өнімімді әкелдім. Келушілер тарапынан сұраныс ерекше болды. Бұл біздің команданың көңілінен шықты. Себебі өзің істеген іс өзгенің қызығушылығын тудырса, кәсіпкерге бұдан артық мақтаудың да, қошеметтің де қажеті жоқ. Расында, кәсіп бастау оңай шаруа емес. Десе де тәуекел етіп, жақсы нәтиже боларына сеніп бастап кетуге керек. Бастысы, жүрексінбеу керек. Бизнес бастап кету үшін тың идея да маңызды. Қандай жоба екенін алдын ала зерттеп алу қажет. Мен біраз ойланып жүріп, өндіріске бет бұру керек деген ойға келдім. Сан түрлі бизнесті ғаламтордан қарап, қалай жасау керек, қайсысы өтімді екенін зерттедім. Бірақ сабын шығару өндірісіне тоқталдым, – дейді кәсіпкер.
Арсена бұрын сабынды өзіне және таныстарына дайындайтын, содан кейін хоббиді бизнеске айналдыруды шешті. Мемлекеттік қолдау аясында қолдан жасалған сабын шығаратын цех ашты.
– Кәсіпті бастағаныма 6 айдай уақыт болды. Мүмкіндігінше қолда бар нәрседен пайдалы дүние жасағым келді. Сабын түйе, ешкінің сүті қосылып жасалады. Сонымен қатар жантақты да пайдаландық. Органика болып есептелгеннен кейін, ауылдан өзіміз шөпті теріп, қайнатып істегеннен кейін, қойылып, экодүкендерге ұсынылса деген ойым бар. Бізде тек ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнімдерді өндіру үшін айтарлықтай әлеует бар, – дейді кәсіпкер.
Арсена қазіргі таңда сабынның 11 түрін шығаруды. Айтуынша, сабынның құрамында хош иістер, бояғыштар мен консерванттар жоқ, тек табиғи ингредиенттер. Судың орнына ешкі мен түйе сүтін қосады, сонымен қатар ол түйе тікенегі қосылған шөп сабынының рецептін ойлап тапқан.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!