Елімізде «Ashyq» жобасы қоданысқа енгелі кәсіпкерлер карантинге қарамастан жұмыс жасау мүмкіндігіне ие. Аталған жоба республикамызда пилоттық түрде жүзеге асырылып жатыр. Ал жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлер «info.kazakhstan» сайты арқылы өтініш бере алады. Сонан соң, оларға арнайы QR код беріледі. Сәйкесінше әр кәсіпкерлік нысанның кіреберісіне QR код жүйесі орнатылады. Нысанға келуші мобильді қосымшаны алдымен телефонға жүктеп, тіркеледі. Кейін QR-кодты сканерлеп, ЖСН нөмірін енгізеді. Сол кезде 4 түстің біреуі жанаып, сіздің нсыанға кіруге құқыңыздың бар-жоғын тексереді. Жалпы бұл қосымша қоғамдық орындағы қауіпсіздіктің алдын алуға септігі мол. Бұдан бөлек жобаның артықшылығы жайында Қызылорда облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнұр Құрмантаевамен сұхбаттасқан едік.

– Өз статусымызды нысанға бармай, үйде отырып қашықтан тексеруге бола ма? Қосымшаны пайдаланушылар саны қанша?

– Әрине болады. Ол үшін http://ashyq.kz/ сайтынан қашықтан тексеруге болады. Статусты тексеру үшін қосымшаны жүктеп алу қажет. Осы ретте сайтта орналасқан QR бейтарап болады, яғни код ешқандай бизнес нысанына жатпайды. Республика көлемінде орта есеппен тәулігіне 3 мыңнан астам азамат осы сервисті пайдалануда. Күніне қашықтан 80-130 азаматтан «қызыл» статус анықталуда. Qr-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі Қазір аймақта «Ashyq» жобасы бойынша 66 кәсіпкерлік нысан жұмыс жасауда. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру дерегін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 qr-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке qr-код беріледі.

– Өте жоғары көрсеткіш екен. Қосымшада вакцина алған адамдар қалай анықталады?

– Вакцина алғандар туралы деректер қосымшада көрінбейді. Қазір «Ashyq» жобасын вакциналау паспортымен біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жүйені интеграциялаған соң, вакцина алған азаматтарға қосымшада «жасыл» статус белгіленеді. Сонымен қатар COVID-19-ке ПТР-тестілеуі (72 сағат) теріс шыққан адамдарда «жасыл» статус болады. «Көк» статус ПТР тестілеуі жоқ және науқас адамдармен байланыста болмаған адамдарға беріледі. Қосымшаның қалған әдістемесі өзгеріссіз.

– Жалпы нысандарға «Ashyq» қосымшасы арқылы ғана кіру азаматтардың құқын шектемей ме?

         – Азаматтардың конституциялық құқығы бұзылмайды, өйткені «Ashyq» жобасын бизнес субъектілері ерікті түрде қосылуда. «Ashyq» жобасына қатысушы бизнес иесі келушілер статусын тексеру жауапкершілігін өзіне алады. Бүгінде нысанға кірерде республика бойынша «қызыл» статусты 1236 адам және «сары» статусы бар 541 адам анықталған.

Келушілердің статусын тексеру келушілердің өзіне пайдалы емес пе?! Өйткені «Ashyq» жобасын іске қосқан нысанға барған адам вирусты жұқтырамын деген ойдан аулақ болады. Сондай-ақ вирусты жұқтырған азаматтарды анықтауға мүмкіндік беретін қосымшаның қосымша функциясы арқылы жобаға қатысушы кәсіпкерлер басқа кәсіпкермен салыстырғанда жұмыс кестесін ұзарту тұрғысынан жеңілдік ала алады.

– «Көк» статус деген не, ПТР-тестілеуді мүлде тапсырмаған адамдар қоғамдық орындарға баруға жол ашатын «көк» статустың берілуі қоғам үшін қауіпті емес пе?

– «Көк» статус бейтарап белгі, демек мұндай статусы бар адамдар ҚР ДСМ базасында ПТР-тестілеуі оң науқастар қатарында жоқ және науқас адаммен байланыста болмаған. Келуші статусының өзгеруі ҚР ДСМ деректер базасындағы ақпаратқа байланысты. Ал «жасыл» статус келушінің деректер базасында ПТР тестілеуі теріс шыққан азамат ретінде тіркелгенін білдіреді. «Жасыл» статус 72-сағатқа ғана сақталады да, ары қарай «көк» статусқа өзгереді.

– Қосымшада азаматтардың жеке деректері сақталған. Оның қауіпсіздігін кім бақылайды?

– Қазіргі таңда «Ashyq» жобасы «Электронды үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инрафақұрылымы операторы болып табылатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ серверінде қорғалған контурда орналасқан. Қауіпсіздік жағынан еш алаңдамауға болады

– Жақында «Ashyq» жобасын AppStore арқылы жүктеуде техникалық олқылықтар болды. Мұның себебі неде?

– AppStore есептік саясатының өзгеруіне байланысты қосымшаны 5 мамырынан бастап жүктеп алу уақытша тоқтатылды. Өз кезегінде осы күнге дейін мобильді қосымшаны AppStore арқылы жүктеп алған азаматтар қосымшаны қолдана береді. Ал жаңа қолданушылар нысанға бизнес субъектісінде орнатылған «күзетші режимі» арқылы кірген. Қазір олқылықтар жайылды. Қосымша барлығына қолжетімді.

– Жобаға қатысушылар арасында сынақ режимі белгіленген. Қатысушылар мен сынақ-қатысушылар арасында қандай айырмашылық бар?

– Бизнес субъектілері QR-кодын алғаннан бастап алғашқы 7 күн сынақ режимінде жұмыс істеуге құқылы, яғни процестерді реттеп, қызметкерлерді оқытады. Сынақ режимінде жұмыс істеп жатқан ұйымдарға «Ashyq» жобасы аясында қарастырлған барлық жеңілдікберіледі. Тестілеу кезеңінде бақылау топтары қатысушыға қатысты ескерту жасай алады, бірақ оларды жобадан шығармайды. Сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін, егер мониторинг тобы жобаға қатысу талабының бұзылғанын анықтаса, кәсіпкерлік субъектісі 2 аптаға жобадан шығаруы мүмкін.

– «Ashyq» жобасын қатысатын және қатыспайтын ШОБ нысандарының жұмыс кестесінде айырмашылық юола ма?

– Қосымшаның індетке шалдыққан адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін қосымша функциясы арқылы жобаға қатысушылар басқа бизнес субъектілеріне қарағанда жұмыс кестесі бойынша бірқатар жеңілдікке ие. Мысалға «қызыл» аймақта бильярд, компьютер клубы, боулинг, караоке, көрмелер жұмысына тыйым салынған. Бірақ осы салада Ashyq жобасымен жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер жекелеген шектеулермен жұмыс істеуге рұқсат алады. Шектеулер және жеңілдіктер тізімі Бас мемлекеттік санитар дәрігердің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №18 қаулысымен анықталған.

– Әңгімеңізге рақмет

  • «Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
  • «Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі. Бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.
  • «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.
  • «Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі. Qr-код бизнес субъектісіне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру дерегін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді.

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!