Жаз мезгілі басталар тұста салқын балмұздақтың сатылымда болғаны балалар үшін ғана емес, үлкендерге де қуаныш сыйлайды. Ал ол өнім өз аймағымызда өндірілсе тіпті ғажап?! Себебі сапасы жоғары, таза өнімге сұраныс толастамайтыны анық. Осы аптада «Танкаман» серіктестігінің бастамасымен шыққан «Auylym» балмұздағын шығару технологиясымен танысып қайттық.

Серіктестік ет өңдеумен, консервілеумен және сүт өнімдерін сатумен айналысады. Мекеме басшысы Бердібек Сартайұлы 2011 жылдан бастап мал шаруашылығына бет бұрған. 2013 жылы ет өнімдері мен шұжық өнімдерін қайта өңдеу цехын іске қосты. Ал былтыр кәсіпкер балмұздақ өндіретін тағы бір цех ашуға шешім қабылдаған. Жоба «Даму» Қоры арқылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тауып, цех жұмысы сәтті жүргізілуде.

Бердібек Сартайұлының айтуынша, отандық нарықта сүт өнімдеріне деген қажеттілік әрдайым жоғары деңгейде. Себебі сүт, сүзбе, қаймақ, май, ірімшік – ұлттық  дастархандағы негізгі тағамдар.

Қазір цех итальяндық технология бойынша сүт өңдеу жабдығында «Auylym» маркасымен 100 процент табиғи өнімнен балмұздақ өндіруде. Содан болар тұтынушылар балмұздақ дәмін ерекше бағалауда.

– Өткен жылдың күз айларында балмұздақ шығару бастамасы қолға алынды. Негізгі шикізаттың барлығы, яғни балмұздақ құрамына қажетті қоспалар Ресей мен Италиядан жеткізіледі. Тәтті дәмді толық жасап шығуға 1-1,5 сағат уақыт жеткілікті және алты ай мен бір жыл аралығында сақтауға болады. Цехтың аумағы шағын болған соң, мұнда әзірге үш адам жұмыспен қамтылған, – дейді технолог Ләззат Ақылбекова.

Бұл жерде күніне бес жүз келі балмұздақ дайындалады. Қазіргі кезде кәсіпорында пломбир, қауын, манго, ананас, киви, орео, кофе, пісте, құлпынай дәмі бар балмұздақтың 14 түрі бар. Айта кетейік, өндіріс үшін ең қажетті шикізат – сүтті компания өзінің өндірістік мал шаруашылығы кешенінен алуда.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!