Бүгінде елімізде ауылды көркейтуге, ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жетіп артылады. Миллиондаған гранттар берілуде, төмен проценттік несиелер де несібелерін молайтуға сеп. Президент пәрменінен кейін халықтың кәсібін дамытуға жол тартқан осындай бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты». «Аманатқа қиянат» жасамайтын дана халқымыздың бұл бағыты ауыл халқының әлеуметтік хал-ахуалына қаншалықты сеп? Осы сауалдың төңірегінде жауаптылармен пікірлестік. Халықтың ойын білдік.

«Әлеуметтік көмек алушыларды жұмысқа алу міндеттеледі»

Бағдарлама әкімшісі ретінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бекітілген. Биылдан бастап, қолға алынған бағдарламаға бюджеттен 3 миллиард теңге қаражат қаралып отыр.
– Бағдарламаға ең алдымен, ауыл тұрғындары, жұмыссыз азаматтар және жекелеген санаттағы азаматтар қатыса алады. Ал жекелеген санатқа ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа жетпеген қысқартылған жұмыскерлер, дара кәсіпкерлер, жеке қосалқы шаруашылықтар тағы басқалар жатады. Ал қандай бағыттар бойынша қаржыландырылады? Мысалы, өңдеу саласына қатысты жобалар бірінші кезекте тұр. Оған жылыжай, ет, сүт өндірісі, құс және балық шаруашылығы жатады. Мұнан бөлек, өсімдік шаруашылығын дамыту бағыты бойынша бақша дақылдарын егу тәрізді жобаларға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген, – дейді басқарманың ауыл шаруашылығы кооперациясы және экспорт бөлімінің басшысы Гүлмира Исабергенова.
Айталық, микрокредит мерзімі 5 жылға дейін болса, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін несие мерзімі 7 жылға дейін деп жоспарланған. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредиттің ең жоғары соммасы 2,5 мың айлық есептік көрсеткішті, яғни, 8 млн 600 мың теңгені құрайды. Егерде зәкірлік кооперацияны дамыту бағыты бойынша алғысы келсе, мұнда 8 мың айлық есептік көрсеткішке, яғни, 27 млн 600 мың теңгеге дейінге мөлшерде несие беру көзделген. Аталған бағдарлама бойынша негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
– Кепілді тәуелсіз эксперттер бағалайды. Солардың қойған бағасына сәйкес жылына, жаңалығына, жағдайына қарай 60-70 проценті берілуі мүмкін. Бұл бағдарламаның артықшылығы көп. Мұндай бұған дейін болған жоқ. Кезінде 6 процентпен берілген сәтте де қанша халық мүмкіндікті пайдаланып, ісін алға бастырды. Бұның проценті одан да төмен. Ауылдағы кісілердің ойында жүрген бизнес жобасын іске асыруға, халықтың табысын арттыруға үлкен мүмкіндік деп санаймын. Жұмыс орындары ашылады. Осы кездегі әлеуметтік көмек алушыларды жұмысқа алуға міндеттеледі. Міне, елдің тұрмысын түзеу үшін қолға алынған бағдарлама деп санаймын, – дейді Гүлмира Рахымжанқызы.
Айтпақшы, бағдарламаға қатысудың негізгі талаптарының қатарында жеке кәсіпкер болып тіркелу, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы, несие алушының жасы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс. Ең негізгісі кепіл мүлкі болуы керек. Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайлардың болуы, жер телімі, қора, т.б. талабы бар.

«Шаруаны шалқытуға жақсы мүмкіндік»

Жәнібек Кенжеғұлов облыс орталығына таяқ тастам жердегі Абай ауылында тұрады. Отбасының нәпақасын Жер-Анадан терген азамат мал азықтық дақылдар мен бақша өнімдерімен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасының болашағына сенеді. Кәсібін адал еңбекпен жүргізіп отырған ол бұл бағдарламаның елдің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалының жақсаруына барынша ықпал ететініне сенімді екенін айтты.
– Бұл жердегі ең негізгі мәселе – кепіл мүлікте. Кепіл мүлкің болып, бағдарлама қатысушысы атана алсаңыз, 2,5 процент дегеніңіз көп олжа. Түбіне жетіп, тауыса алмайтын үстемақылар бар ғой, оның қасында бұл несиеге қолы жеткен адам несібесін молынан жейді деп есептеймін. Бұған дейін 6 проценттік несиелерді алдық. Кәсібімізді жүргізіп отырмыз. Сол уақытта кепілге баспанамызды қойған едік. Алдағы уақытта бұл бағдарламаның мерзімін ұзартамыз деген екен. Сол уақыттарда қосымша ашқан кәсіптерімізбен тірлігімізді жолға қоюға мүмкіндік болып қалар. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі дәлелденген. Оған көз жетті. Халықтың оң жамбасына шығатын осындай мүмкіндіктер көбейе берсін, – дейді кәсіпкер.

«Өзінің тұрып жатқан үйін кепілге қойса,оны жоғары бағалаған жөн»

Ауылдағы ақеден жұрттың ең басты түйткілі кепіл мүлік болып тұр. Қала мен кенттердегі нысандардан төмен бағаланатын бұрын. Байыпты бағдарлама әкімшілері аталған мәселенің оң шешімін тауып қалуы мүмкін екенін айтады. Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков бүгінде арнайы штаб құрылып, жүйелі жұмыс басталғанын жеткізді.
– Қазіргі таңда үгіт-насихат жұмыстары басталды. Басылымдарға жарияланды. Келген адамға бағдарлама жайлы барынша түсіндіріп, сұрақтарына жауап берудеміз. Ә дегенде бұл пилоттық жоба болып, біздің ауданнан бірнеше ауыл ғана белгіленген. Кейіннен өзгеріс енгізіліп, барлық ауданның ауылы кіретін болды. Ауыл әкімдіктері әр елді мекен тұрғындарының кепіл мүлкін зерттеп-зерделеумен айналысып жатыр. Жақында ауыл халқының кепіл мүлкін бағалап, 70 процентін беру керек деген ұсыныс айтылып, ол қаралуда. Егер осы мәселе оң шешімін тапса, халыққа үлкен жеңілдік болар еді. Менің ойымша, өзінің тұрып жатқан үйін кепілге қойса, оны жоғары бағалаған жөн. Сосын процентінің өзі төмен. Бұған дейін «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 2 проценттік жеңілдетілген несие болатын. Ол кезде тек өңдеу өнеркәсібін қолдады. Ал бұл бағдарламада бағытқа шектеу жоқ. Қолыңнан келетін, өзіңнің бейімің бар қай кәсіпті де алға салып, жұмыс жүргізуге болады. Белгілі бір деңгейде талаптары бар, егер сол талапқа жауап берсе, аталған бағдарлама қатысушысы бола алады, – дейді бөлім басшысы.
Әрине, тәжірибе алмасу арқылы көп нәрсені шешуге болады. Әуелі Жамбыл облысынан бастау алған бағдарламаның сол жақта жемісін көріп отырғандардың жай күйін көзбен көрген Нұрбол Жұмабеков біздің аймақтың да мол мүмкіндігі болатынын айтады.
– Халықтың ынтасы қуантады. Бағдарламаға қызығушылық жоғары. Мен осы бағдарлама нәтижесінде зор жетістікке жеткен Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Қостөбе ауылында болдым. Бір ауылдың өзінде 4 шұжық цехы жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы техникаларын қолдан құрастыратын орталық бар. Одан бөлек, түрлі нысандар бой көтерген. Егер де біздің ауылдар да осындай жетістікке жетсе, аспанға атқан малақайымыздың таяу маңда жерге түспейтіні анық, – дейді ол.

Түйін.
Ауылдың дамуы – Қазақстанның гүлденуі. Қазақтың қастерлі қарашаңырағы атанған елді мекендегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруы біздің алға жылжуымызға сеп. Сондықтан, бұл бағдарламаның өзі жарқын болашаққа жетелейтін шығар, бәлкім. Қазақ «Балапанды күзде санайды». Алғашқы аяқалысы енді бастау алатын бағдарламадан күтер үміт мол.


Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!