Аймағымызда нәсібін берекелі кәсіптен тауып, шаруасын дөңгелеткен еңбек адамдары жетерлік. Олардың қай-қайсысын алып қарасаң да, талай жылдық тәжірибесі, кәсіп бастаудағы табандылығы көпке үлгі. Бұл қатарда Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Роллан Олинов те бар. Маңдай тері мен адал еңбегін омарта шаруашылығына арнаған оның бизнесі берекелі, шаруасы оңды. 

Соңғы жылдары Сырдария ауданында мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіп бастаған тұрғындар қатары артқан. Қайтарымсыз немесе жеңілдетілген несие алып, бизнес саласына қадам жасаған олар табыс табумен қатар, аудандағы жұмыссыздық мәселесінің шешілуіне ықпал етуде.

«Жания» ЖК басшысы Роллан Олинов 2019 жылы Өңірлік инвестициялық орталығынан «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы арқылы 1,5 миллион теңге несие алған. Ал 2020 жылы мемлекет тарапынан 2 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алуы омарташы кәсібінің көкжиегін кеңіткен.

Бүгінде бал өндірудің қыр-сырын жіті меңгерген Роллан Нұрланұлы 80 ұяшықта бал арасын бағуда. Жылына 3,5 тонна өнім өндіруді мақсат еткен жеке кәсіпкер балдың түр-түрін Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындарына өткізуде. Айта кетейік, омарташының тұрақты тұтынушылары қалыптасып үлгерген. Балдың жоғары сапасына орай сұраныс та артып келеді.

– Кәсіппен айналысушыларға мемлекет тарапынан бағытталып жатқан қолдау көп. Тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ жаңаны үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана кәсіптің берекесі болады. Менің мақсатым – алдағы уақытта омарта шаруашылығын отбасылық бизнес ретінде дамыту. Бал өндірісінде пайда мен береке бар, сұраныс көлемі де жыл санап артып келеді. Балдың денсаулыққа пайдалы екенін тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан тұрақты тұтынушыларым да бар, – дейді жеке кәсіпкер Роллан Олинов.

Зерттеулерге сүйенсек, бір омартадан ондаған килограмм бал алынады. Бір келі балға айналатын гүл шырынын жинау үшін бал арасы 300 мың шақырым ұшып, сол уақыт аралығында 19 миллион гүлге қонуы керек екен.Бір бал арасы сағатына 6,5 км жылдамдықпен ұшып, бір жұмыс күнінің ішінде шамамен 7 мың гүлге қонады. Осы дерекке қарап-ақ, бал арасының еңбекқор жаратылыс екенін түсінуге болады. Ал бал арасының бабын тапқан омарташының әр күні қаншалықты бейнетке толы екені айтпаса да түсінікті. Алайда таңмен таласа тұрып, бел жазбай тірлік жасайтын еңбек адамының әр күні берекелі болатыны рас. Содан болар халқымыз «еңбек  ̶  ырыстың қазығы» деп шаруа адамын көпке насихаттаған. Бүгінде еңбегін ел таныған Роллан Нұрланұлы да ауыл тұрғындарына жақсылықты үлгі етіп келеді.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!