Ғалым ПІРЕКЕШОВ, «NP-Consulting» ЖШС директоры:

Жеке кәсіп ашып, өзіне жұмыс істеуді қалайтын жандар көбейді. Жалақысын азсынған азаматтар жеке бизнесін жүргізуге қызығушылық танытуда. Дегенмен көп ретте идея ойға оралғанымен, іс жүзінде орындалмай жатады. Көпшілік бизнес ашуды ойлайды, бірақ біліктілік пен қалтаның жұқалығы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді. Қайтпек керек? Неден бастаған дұрыс? «NP-Consulting» ЖШС директоры Ғалым Пірекешовпен әңгімелестік. Жеті жылдан бері қаламызда қорғаныш каскаларын шығаратын шағын зауыт ісін дөңгелетіп отырған Ғалым әуелі зерттеу жүргізу қажеттігін айтады.

Толық зерттеу керек

Жеке кәсіп ашу туралы идеяңыз өте дұрыс. Кәсіпті бастамас бұрын бәрін зерттеп алыңыз. Сіз айналысатын кәсіп түріне қанша ақша кетеді, өнім, сұраныс, жарнама тіпті шығынды да шамамен есептеп жазыңыз. Айналада сізге бәсекелес орта бар ма? Қандай кедергі болуы мүмкін, оны да асықпай зерттеп алыңыз. Мен бәрін қағазға жазуға кеңес беремін. Қағазға жазғаныңызға бірнеше рет асықпай қарап, табыс көзі көріне ме соны ойлаңыз. Шешім қабылдауға асықпаңыз. Мен кәсіпкерлердің тауар өнімдерінің жәрмеңкесін көруге кеңес беремін. Әсіресе Алматы, Нұр-сұлтан қалаларындағы көрмелерді көруге мүмкіндігі болса. Бір ойдан бір ой туып, сіз тіпті басқа кәсіп ашуыңыз да мүмкін. Барлығы зерттеуге байланысты. Ойды әбден пісіріп алған жөн. Кейде бұл ойыңыз сәтсіз деп шешсеңіз, басқа идеяны талқылап көріңіз. Осы салада хабары бар іскер достарыңызбен кеңесіңіз. Тәжірибесімен бөлісіп, жол көрсетсе тіпті жақсы.

Қомақты несие алмаңыз

Кәсіпкерлікте тәжірибеңіз жоқ. Енді бастап жатырсыз. Бірден жоғары пайызы бар несие алып, кәсіп бастау қатерлі қадам. Бизнес алғашқы жылы пайда әкелмеуі мүмкін, ал қарызға алынған ақша сізді тіптен тақырға отырғызады. Бизнесте қаржы жағы ең соңғы кезең, барлығы сараланып, бизнес-жоспар құрылғаннан кейін қаржы құйылады. Ең дұрысы, капиталыңыз болуы шарт. Болашақ бизнесіңіздің барлық құрауышы жүзеге аспай тұрып, жоспар құрып алмайынша, жеке кәсіпкерлікті тіркеуге асықпаңыз. Сіздің халыққа ұсына алатын артықшылығыңыз болу керек. Олай болмаған жағдайда табысты болу екіталай.

Жарнаманы да өзіңіз жасаңыз

Кәсібіңіз әбден аяқтан тұрғанша жарнаманы да өзіңіз жасап үйреніңіз. Адам жалдамаңыз. Маркетинг пен жарнама бойынша білім керек. Тауар, жұмыс, қызмет түрін өткізуде орта немесе ірі бизнес арнайы агенттіктерге жүгінеді, тапсырыс жасайды. Ал шағын бизнеске мұндай қызмет түрін жалдау тиімсіз. Қазір ақпарат жеткілікті. Дегенмен жастар әлі де болса бизнеске келгенде нарық ережесін білмегендіктен және нарықтағы жағдайды дұрыс түсінбегендіктен «күйіп кетіп» жатады. Кәсібіңіз бойынша ақпараттарды көбірек оқыңыз.

Балаңызды бүгінген бастап дайындаңыз

Егер бала мектеп жасынан бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын біліп өссе, есейгенде бір кәсіпті дөңгелетіп әкету әлеуеті зор. Кішкентай демеңіз, жеген кәмпитінен бастап, сатып алатын ойыншықтарының шығынын есептеп үйренсін. Қаржы жинауға бейімдесеңіз тіпті жақсы. Кәсіпкерлермен жиі кездесу керек. Мектептерде оқушыларға да кездесу ұйымдастыру оңтайлы. Әрі балалар іскер адамдармен таныстық орнатады. Кейін қажет болып жатса, ақылдасып отырғанның пайдасы мол. Нарық заңы қатал, жастардың нарыққа бейімделгені жөн.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!