Соңғы жылдары балабақшадағы олқылықтар туралы сын көп айтылатыны жасырын емес. Кей тәрбиешінің бейкәсіби әрекеті әлеуметтік желіге тарап, балаға қол көтерген оқиғалар орын алды. Тіпті, ата-ананың наразылығы, балабақшалардың материалдық-техникалық базасының ескілігі де отқа май құйғандай еді. Осыған орай Оқу ағарту министрлігі бірнеше жүйелі өзгерісті қолға алып, жыл бойы ақпар таратумен болды. Соның бірі – сала министрінің тамыз айындағы №381 бұйрығы. Оған сәйкес келесі жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие берумен айналысатын ұйымдарға берілетін мемлекеттік тапсырыс тәртібі өзгермек.

Бүгінде аймақтағы кез келген балабақша директоры аталған бұйрықпен жақсы таныс. Жаңа талапқа сәйкес, балабақшалар бейнекамералармен қамтылып, қауіпсіздік шараларының орындалуы, ғимараттың санитарлық және өртке қарсы нормалары қатаң сақталуы шарт. Оған қоса медицина және тамақтану көрсеткіштері­нің стандарты, оқу-тәрбие моделі де түбегейлі өзгермек. Тіпті, республика бойынша бірыңғай балабақшаға кезекке тұру электронды жүйесі әзірленуде. Бұл – елдегі барлық балабақшаға ортақ қағида. Министр сөзінше, мұндай өзгеріс бала тәрбиесінің дамуына және балабақшалардың заман талабына сай өзгеруіне мүмкіндік ашпақ.
Аталған қадамдар бүлдіршіндердің сапалы тәрбие алуына жол ашатыны анық. Әсіресе, білім тәрбие-білім беру моделіндегі өзгеріс мақтауға тұрарлық. Мәселен, 3-5 жас аралығындағы балалар – ойын балалары. Сондықтан оларға білім ойын түрінде берілуі керек. Таптаурын әдістемеден бойды аулақ ұстап, жаңашылдыққа бет бұрар уақыт секілді.
Тағы бір ерекшелік – тәрбиеші жүктемесі. Бүгінде бір тәрбиешіге орташа есеппен 25 баладан келеді. Бұл тәрбие сапасын айтарлықтай төмендететіні анық. Себебі, әлі оң-солын білмейтін бір бүлдіршіннің өзіне бас-көз болу, тәрбие беру, өнерге баулу оңай іс емес. Ал әр тәрбиеші кемінде 20-25 балаға жауапты болса қандай нәтиже күтуге болады?! Сондықтан №381 бұйрыққа сәйкес, тәрбиеші жүктемесі азайтып, жаңа жүйе енгізілмек. Мамандар да бала саны аз болса, олардың білім мен тәрбиесіне де көп назар аударылады деген пікірде.
Расында, құжатта кемшілік жоқ десек, жалған болар. Кәсіпкерлердің сөзінше, жеке балабақшалардың жаңа талапқа сәйкес әрекет етуге мүмкіндігі жоқ. Бұл тәрбие беру процесіне қатысты емес, техникалық және қауіпсіздік шараларына байланысты алаң. Басты мәселе – қаржы мен уақыт. Министрлік талап етіп отырған қауіпсіздік құралдарының әрбірі кемінде 2-3 млн теңгеден асып жығылады. Оған қоса вакцина салатын арнайы жәшік орнату, ол жәшіктерді залалсыз кәдеге жарату сияқты талапты орындау басы артық шығын деген ойда. Сонымен қатар кәсіпкерлер келер жылға дейін міндетті қадамдарды әзірлеу тым асығыстық екенін жеткізуде.
Аталған пікірге келісуге де болатындай. Министрліктің №381 бұйрығы тамыз айының соңында күшіне енді. Төрт айда миллиондаған қаржыны қажет ететін талапты орындау қай кәсіпкерге болмасын күш болары анық. Оның үстіне көбінің банк алдындағы несиесі де мұндай жаңашылдыққа жылдам ілесуге мұрша бермей келеді. Сондай-ақ қаншама жұмыс орны мен басқа балабақшаға баруға мүмкіндігі жоқ баланың да жағдайын түсінген абзал. Сондықтан, кәсіпкерлер бұйрықта көрсетілген талаптарға кезең-кезеңімен өтуге немесе талап мерзімін ұзартуды сұрап отыр.
Құжат күшіне енгелі аймақта да бірнеше жиын өтті. Тиісті сала мамандары мен басшылық құрам жеке балабақшалардың наразылығына құлақ түріп, мәселені шешу жолын талқылағанын білеміз. Соның бірі – Өңірлік кеңестің әлеуметтік сала комитетіндегі жиын.
Басқосуда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов бұйрықтағы қағидаларды облыс аумағында жүзеге асыру мәселесін бүкпесіз жеткізіп, жеке балабақша иелерінің мұң-мұқтажын айтқан болатын:
«Қазір облыста 679 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның 441-і жеке балабақшалар. Осы жеке және мемлекеттік балабақ­шаларда 59 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Талап қойылғаны дұрыс. Дегенмен жылдың аяқталуына бір айдан аса уақыт қана қалды. Жеке балабақша иелері қағидаға сәйкес дайындалып үлгере ме? Мәселе сонда», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Басқосуда басшылар өз саласына қатысты сұрақтарға жауап бергенімен, нақты шешім әлі айтылмады. Әсіресе, кәсіпкерлер көтерген балабақша ғимаратына қатысты мәселе ең күрделі олқылыққа айналуда. Себебі жеке балабақша иелерінің басым бөлігі ғимаратты жалға алады. Көп жағдайда жер учаскесі мен ғимараттың иесі меншігінің нысаналы мақсатын өзгертуге келісім бермейді. Олардың сөзінше, ғимараттың нысаналы мақсатын өзгерту қаржы мен ұзаққа созылатын құжат әзірлеу кезеңін талап етеді екен. Сол себепті аталған мәселенің күрмеуі шешілуі қиындау.
Міне, бұйрықтың мектепке дейінгі білім беру ұйымына әкелген өзгерісі мен келеңсіздігінің жай-жапсары осы. Бұл бағытта облыстық кәсіпкерлер палатасы мен құзырлы орган тарапынан бірлескен бастамалар қолға алынып, шешу жолдары ұсынылуда. Талаптарды орындау үшін жеңілдіктер қарастыру, кәсіпкерлердің қаржылық қиындығын азайту шешімдері де қабылданып келеді. Сондықтан келер жылы жеке балабақшаның әлеуеті төмендемейді деген үміт бар.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!