Табиғаттың әрбір бөлшегі құнды. Төрт түлікті мінсе – көлік, жесе – ет, іш­се – ақ, пайдаланса – қолөнерге қажетті жүн деп бағалаймыз. Сол се­кілді балықтың да пайдасы мол. Мәселен, балық ұны балықты, теңіз сүтқоректілердің қалдықтарын кептіру және ұнтақтау кезінде өндірілетін жем ретінде үнемі сұранысқа ие. Мұндағы басты шикізат – өңдеуге жарамсыз тұтас балық және кейбір балықтардан май алу нәтижесінде пайда болатын қалдықтар. Әрі қарай өндіріс барысында май-ақуыз коагуляциясына майды тотығудан қорғайтын антиокси­дант қосылады да, ол жануарларға жем өндірудің құрамдас бөлігі ретінде қолданылады.

Балық ұнын өндіруден өзіміздің өңір де қалыс емес. Индустрияландыру картасы аясында Қазалы ауданында балық қалдықтарынан балық ұнын шығаратын цех бар. Жеке кәсіпкер Төребек Игіліковтің айтуынша, кәсіпорынның алғашқы өнімі – балық ұны. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер балық қалдықтарынан ұн және жем дайындайтын украиналық заманауи техниканы сатып алған. Бұл құрылғы «Еуро 4» стандарты бойынша ұн және жем шығарады. Төребек Игіліков жобаны іске асыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 20 млн теңге және өз қаражаты есебінен 10 млн теңге қаржы жұмсаған. Цех үшін Әйтеке би кентіндегі «Өндірістік аймақтан» арнайы ғимаратты да дайындаған. Аталған жоба индустриялық аймақта орналасқан.
– Балық ұнын өндіру технологиясы негізінен бірнеше кезеңді қамтиды: пісіру, пресс көмегімен артық сұйықтық пен майды кетіру, кептіру және ұнтақтау. Мамандандырылған агрегатты өсімдіктерді пайдалану құрамды тұрақтандыруға мүмкіндік береді және сапаны бақылауды қамтамасыз етеді. Шығарылатын ұнды құс, мал азығына және егіншілікке тынайтқыш есебінде пайдалануға болады. Цех техникалық құралдармен қамтылған. Ұн шығаратын станогымызды орнатып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, басқа да станоктарымыз орнатылды. Облысымызда жалғыз цех болғандықтан, сұраныс болады деген сенімдеміз, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, шикізаттағы майдың құрамына байланысты балық ұны түрлі тәсілдермен дайындалады. Құрамдағы май 2 %-ға дейін болса, шикізат кептіріліп, ұн күйіне дейін ұнтақталады. 5 %-ға дейін болса, кептіріліп, экстрак­цияланады, толығымен кептіріледі және ұнтақ­талады. Ал егер шикізатта 5% -дан астам май болса, балық ұны престеу арқылы дайындалады. Балық қаңқасын өндіру үшін оны сатып алудың қажеті жоқ, кәсіпорындардың қалдықтары – гиблеттер, сүйектер де өте қолайлы. Бұл айтарлықтай арзанырақ болады.
Өндірістің өзі қарапайым және бірнеше кезеңнен тұрады: шикізатты тазарту және ұнтақтау, пісіру және ұнтақтау, сусыздандыру және кептіру; ұн жасау, қаптаманы дайындау. Ғалымдардың айтуы бойынша, 1 келі балық ұнының энергети­калық мәні алмасу энергиясының 10-14 МДж аралығында болады. Яғни, ұнда 535 г қорытылатын ақуыз, 67 г кальций, 57 г фосфор бар. Аминқышқылдарының құрамы бойынша балық ұны қан ұнынан кейінгі екінші орында. Оның ақуызы лизинге, метионинге, цистинге бай, құрамында триптофан және басқа да маңызды аминқышқылдар жеткілікті. Демек жем ретінде құнарлы, табиғи, өте пайдалы өнім екеніне баса назар аударған жөн.
«Балық ұнын өндіруді бастап кеттік. Арнайы аппарат арқылы майын бөлек, жемін бөлек ажыратып береді. Ұн болғандықтан сиырға, тауыққа, төрт-түлікке беріледі. Мал ұстап отырған тұрғындардың сұранысына ие. Енді алдағы уақытта балық ұнынан бөлек балық жемін шығарсақ деген ой бар. Өзіміз де балық кәсібімен айналысып отырмыз. Жемін өндірсек, кәсібіміз толық циклге көшер еді», – жеке кәсіпкер.
Кәсіп­кер­дің сөзінше, бұл жоба ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған. Мақсат жергілікті халықтың сапалы балық өнімдеріне қажеттілігін қанағаттандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, балық өнімінің сапасы мен дәмін жақсартып, ассортиментті кеңейту болып отыр. Жоба аясында балық өңдеу цехы кеңейтіліп, сүбе шығару зауыты жұмыс жасауда. Қазіргі таңда зауытта өңделетін балық өнімдерін Еуропа елдеріне экспорттау мақсатында «Еврокод» алынып, еуропалық стандарттарға сай өнімдер ұсынылмақ. Айта кетейік, өндірілген балық ұнының 70 пайызы ресейлік тұтынушыларға сатылады.
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!