2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алуына шектеу енгізілді.
Аталған шектеу 2020 жылғы 1 маусымнан бастап қолданыста болғанын және тек заңды тұлғаларға ғана қолданылғанын атап өткен жөн, ал осы жылдың басынан бастап шектеу дара кәсіпкерлерге де қолданылады, – деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 150 бірлескен қаулысымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №95 бұйрығымен кәсіпкерлік субъектілерінің күнтізбелік ай ішінде банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомасының мынадай шекті мөлшері бекітілді:
1) 20 000 000 (жиырма миллион) теңге – шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін;
2) 120 000 000 (бір жүз жиырма миллион) теңге – орта кәсіпкерлік субъектілері үшін;
3) 150 000 000 (бір жүз елу миллион) теңге – ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін.
Бұл ретте банк шоттарынан қолма-қол ақша алу жөніндегі көрсетілген талап мынадай кәсіпкерлік субъектілеріне:
1) микро кәсіпкерлік субъектілеріне;
2) ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімін, акваөсіру (балық аулау) өнімін сатып алуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне;
3) бірлескен қаулы мен бұйрыққа қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлері бар тамақ өнімдерімен, сусындармен, сондай-ақ фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарлармен бөлшек сауданы жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне;
4) Екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық почта операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған корреспонденттік шоттардан қолма-қол ақша алған кезде және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына берген лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №151 және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы №125 бірлескен қаулыларымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 1223 бұйрығымен Кәсіпкерлік субъектілерінің банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу қағидалары бекітілді.
Көрсетілген Қағидаларда қолма-қол ақшаны алудың белгіленген шекті мөлшерінен асқан жағдайда, кәсіпкерге банкке ұсынуы қажет құжаттардың негізгі тізбесі бекітілген. Кәсіпкер банкке мыналарды ұсынуы керек:
– қолма-қол ақшаны алу мақсатын растайтын құжат;
– мемлекеттік кірістер органдарына мәліметтер мен құжаттарды жіберуге келісімі.
Банк 1 жұмыс күні ішінде МКК-не банктік шоттан қолма-қол ақша алуға өтінім жібереді.
МКК өтінімді 3 жұмыс күні ішінде қарастырады. Осыдан кейін банкке қолма-қол ақшаны беруден бас тарту үшін негіздеменің бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметтерді жібереді.
Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануды ескере отырып, мемлекеттік кірістер органы мынадай шешімдердің бірін шығарады:
тәуекелдің төмен дәрежесі бойынша – қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің жоқтығы туралы;
жоғары тәуекел дәрежесі бойынша – қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің болуы туралы.
Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің банк шоттарынан қолма-қол ақшаны алу сомасының шекті мөлшерінен асатын сомада қолма-қол ақша беруден бас тарту үшін негіздердің болуы не болмауы туралы мәліметтер күнтізбелік бір ай ішінде жарамды,- деп толықтырды Мемлекеттік кірістер комитетінде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!