Кәсіп бастағысы келетін әрбір адам «Бастау» жобасын білу қажет. Ол үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына тіркелу қажет. Курс 12 модуль бойынша 50 танымдық бейне сабақтан және өз бетінше орындауға арналған тапсырмадан тұрады.

Курсқа қатысушылар 21 күн ішінде өз біліктілігін арттырады және арнайы бизнес-жаттықтырушылардан бизнесті ашу және жүргізудің қыр-сырын үйренеді. Оқу процесі аяқталған кезде тыңдаушы қорытынды тестілеуден өту үшін 15 баллдан көп балл жинауы керек. Осыдан кейін ғана ол бизнес-жоспар құруға кіріседі. Ал бизнес-жоспар үшін ең жоғары баға – 30 балл.

Курс бойынша екі түрі сертификат беріледі. Біріншісі, курсты аяқтағаны туралы сертификат. Екіншісі, қатысқаны туралы сертификат. Сертификаттың соңғы түрі жеңілдетілген пайызбен несие алуға немесе мемлекеттік грантқа қатысуға құқық бермейді. Егер қатысушы бизнес-жоспарды тексеру нәтижелері бойынша шекті балл жинамаса, ол «қатысқаны туралы сертификат» алады. Бизнес-жоспарды портал арқылы қайта тапсыруға 2 мүмкіндік беріледі.

Қазір курсқа тіркелу жүргізілуде. Курс наурыз айында басталады деп жоспарланған. Қазірден бастап курсқа тіркеліп қоймасаңыз, қайтарымсыз грант алуға немесе жеңілдетілген несие алуыңыз екіталай. Себебі курсқа қатысушылар саны күн санап артуда. Өткен жылы жоба аясында оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 422,1 млн теңгені құрайтын 746 қызылордалықтың жобасы қаржыландырылған. Оның 411,2 млн теңгені құрайтын 741 жобасы мемлекеттік грант есебінен қаржыландырылса, 10,9 млн теңгені құрайтын 5 жоба мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша «Бастау» жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!