Аймақта талай жыл еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкердің қатары көп. Шаруасы оң, табысы берекелі кәсіп иесінің бірі − «NP Consulting» негізін қалаушы Ғалым Маратұлы.
Еңбек адамы кәсібін 2013 жылы бастап, жан-жақты іздену арқылы өндіріс орнын үлкейткен. Қазір «NP Consulting»-те күніне 500 қорғаушы каскасын шығарады. Жеңіл өнеркәсіп саласына серпін әкелген кәсіпкер биылдан бастап 19 литрлік су бөтелкесіне арналған қақпақша шығаруды қолға алған. Бүгінде аталған өнімдерге тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары, сондықтан дайындалған қақпақшаларды барлық өңірге жеткізу жолға қойылған.
− Бүгінде біздің қорғаушы каскаларымызды құрылыс саласына қатысы бар барлық компания қызметкерлері киеді. Бұл өнімнің сапасына 3 жылға дейін кепілдік беріледі. Жалпы жылдан-жылға бұл бұйымның саны артып, былтырдың өзінде 34 мың каска шығардық. Қазіргі таңда 10-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудеміз. Дегенмен, маусымдық кезеңде жұмыс күшін күшейтеміз. Алдағы уақытта екі ауысымнан үш ауысымға дейін жұмыс күніне ауысуды және өнім көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал су бөтелкелеріне арналған қақпақшалардың 2 түрі өндіріледі. Күн сайын 10 мың қақпақ шығарудамыз. Бұл бұйымның шикізаты көршілес Ресей елінен тасымалданады және адам денсаулығына зияны жоқ, − деді кәсіпкер Ғалым Прекешов.
Тынбай еңбек еткен жанның әр таңы берекелі болатыны рас. Кәсіпкер бастамасының тың әрі тұрғындар үшін қажетті жоба ретінде танылуы осыған дәлел.
Аида ШОРАБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!