Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Kyzylorda Hub» бизнес инкубаторы жұмысын жалғастыруда. Орталық студенттердің кәсіпкерлік жобаларын үйлестіріп, дамытуға көмек беріп келеді. Қазір мұнда білім алушылар өз жобасын дамыту үстінде. Орталықтың көмегімен студенттік жобаларға миллиондаған инвестиция да құйылған. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев жас кәсіпкерлерге арналған бірнеше сауалдарға жауап берген еді.
– Жанарыс Алтынбекұлы, стартап жобалардың басы-қасында жүргеніңізге біраз уақыт болды. Бүгінде кәсіп бастасам, идеямды игілікке айналдырсам деген жастардың қатары артты ма?
– Кәсіпкерлік саласына келгеніме 4 жылдан асты. Бұл салаға қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Сол кезден бастап кәсіпкерлікті меңгеріп, қазіргі таңда медиа және білім саласында кәсіп жүргізудемін. Сонымен қатар жастарға кәсіпкерлік әліппесін үйретіп келемін. «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек» деп Абай атамыз айтпақшы, әрбір адам жұмысымен қатар кәсіпті серік етуі маңызды. Жаһандану заманында жанама табыстың болғаны да жақсы. Бұған қоса негізгі мамандыққа сай бизнес ашуға болады, яғни мұғалім болса қосымша мектеп ашуға, ал дәрігер болса болашақта жеке клиниканың іргетасын қалап, бизнесті өрбітуге болады. Жастарға осыны жиі айтамын. Себебі бизнес ашу маңызды. Неге? Өйткені, бизнестегі алғашқы қадамдар тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ол қалай? Көптеген студентер оқу аяқталғанша тұрақты жұмысқа тұра алмайды, бұған себеп дипломның жоқтығы. Ал егер өз саласы бойынша шағын кәсіп ашса, ол жас маман үшін үлкен сабақ болмақ. Оған қоса жастық шақтағы қаржылай қателіктер жаңа мүмкіндікке жол ашып, ысылуға мүмкіндік сыйлайды.
Әлем бойынша табысты кәсіп ашқан адамдардың орташа жасы – 34-35. Бұл – дәл осы жасқа жеткен кәсіпкерлер жастық шақтағы олқылықты ескеріп, бизнесте бағытын тапты деген сөз. Қазір біздегі қарқын жаман емес, талапты, талантты жастардың аяқалысы қуантарлық деп айта аламын.
– Соңғы кезде университеттегі стартап жобалар жайлы жиі естіп жүрміз…
– Қазір университетте 46 студент 46 идеяны өздігінше жүзеге асырып жүр. Тікелей университет арқылы қолдау тауып, жыл бойы бізбен жұмыс істеуде. Орталықтың көмегімен студенттік жобаларға 56 миллион теңгеден астам инвестиция берілді.
– Қандай бизнес салалары қазір сұраныста және нәтижелісі қайсы?
– Сұранысқа ие бизнес салалары – өндіріс, инновациялық технологиялар, IT және медиа жобалар. Табысты бизнес жобалар деп білім, медицина, балаларға арналған қызмет түрлері, өндірістік нысандар, жеңіл өнеркәсіп, IT технологияларды айтар едім.
– «Kyzylorda Hub» бизнес инкубаторы биыл қанша студенттің идеясын жүзеге асыруға ықпал етті?
– Биыл бізде үлкен прогресс бар, өйткені республикалық дәрежеге шықтық. «Astana Hub» халықаралық технопаркінің Қызылорда бойынша өкілетті офисі ретінде тіркелдік. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ 3 жаңа бағдарлама қосылды.
– Жаңа инкубациялық бағдарламалар туралы айтсаңыз…
– Осы уақытқа дейін сұранысқа ие болған бағдарламалардың бірі – «KBH startup». Қазіргі таңда «Startup Joly» инкубациялық бағдарламасы жұмысын бастады. Мақсаты – инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен, біліммен және қолдаумен қамтамасыз ету, кәсіпкерліктің әртүрлі аспектілері, соның ішінде идея, маркетинг, сату, қаржы және құқықтық мәселелер бойынша дағдыларды арттыру, инновация, технология және кәсіпкерлік саласындағы халықаралық аренада аймақ пен елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру. Жобаның ұзақтығы – 6 апта. Жастарды 5 апта ішінде семинар-тренингтерге қатысып, практикалық тәжірибе алуға бағыттаймыз, қалған 1 аптада жоба дайындалып, Demo Day кезеңіне шығады. Demo day – инвесторлар және де басқа қызығушылығы бар ұйымдардың жобаны қарап, іріктеуден өтуі. Биыл осы бағдарлама 2 мәрте ұйымдастырылады. Бірінші кезең 14 тамыз бен 15 қыркүйек аралығын қамтиды, ал келесісі 18 қыркүйек күні басталып, 27 қазанға дейін жалғасады. Қазір өтінімдер саны – 57. Жалпы жүлде қоры – 2 млн теңге.
– Осы жобалардың барлығына қаржы мемлекеттен бөліне ме? Әлде оған арнайы демеушілер инвистиция құя ма?
– Коммерциялық емес, донорлық ұйым болғандықтан барлық жоба бойынша «донор» бар. Кейбір проектті өз ақшамызбен қаржыландырамыз, ал кейбірі мүлде тегін ұйымдастырылады. Онда тек бірен-саран жүлде қоры қарастырылған, ал шығынды шараларды мүмкіндігінше жергілікті мемлекеттік органдар көтереді. Кейбір бағдарламалардың қаражатын демеушілер ұсынады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!