Фото: imghub.ru

Бәсекелестік үстемдік етіп тұрған шақта бизнестің кез келген саласы сұраныста. Жастар, соның ішінде студенттер мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бизнеске кеңінен жол ашуда. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік рухты қалыптастыруда. Сондай-ақ жеке кәсіп менеджмент, коммуникация және шығармашылық әлеуетті дамытуға көмектеседі.

Оқу ошағындағы «Bambi» кафетериі

– Жасым 23те, архитектура мамандығының студентімін. Бизнес саласында жүргеніме 2 жылдан асты. Бұған дейін әртүрлі кәсіп көздерінің басы-қасында болып, біршама тәжірибе жинадым. Десе де барлығы тұрақсыз, арнайы межелеген уақытқа дейін ғана пайда әкеліп отырды. Осы кезге дейінгі тәжірибемді жинақтап, өз бағымды сынайтын сәттің туғанын түсіндім. Өз кәсібімді қолға алу үшін көп дүниеден бас тартып, тәуекелге бел будым. Бұл бизнесті жүргізуде ешқандай мемлекеттік грант немесе кәсіпкерлік несиенің көмегіне жүгінбедім. Алайда маған қолдау білдіруші отбасым, достарым мен жақындарым мотивация болды.
Қазіргі кезде басқарып отырған бизнесім – шағын кофейня. Өзім оқитын университет қабырғасынан кофе, шай, шоколадтағы жемістер, алуан түрлі сусындар дайындайтын «Bambi» кафетериін аштым. Жастар ортасы болғандықтан қызығушылық танытатындар көп. Сабақ пен бизнесті қатар алып жүру мәселе туғызуы мүмкін, алайда кез келген проблеманың өз шешімі, қайыры болады. Шектеулердің сызып қойған шекарасын бұзу мол тәжірибе, пайдалы білім болатынына сенемін, – дейді студент кәсіпкер Нұрдәулет Амангелді.

«Zukhra brand» және «U

– Бұл салаға 16 жасымнан бастап білек сыбана кірістім. Біреу үшін ересек бойжеткен қыздың жасы болса, сол сәттегі бала мен үшін ең салмақты және батыл қадамдардың бірі болды. Мектепте оқып жүріп «Сыбаға» базарынан әйелдер киімін сататын дүкен аштым. Ал бүгінде кәсібім дөңгелеп тұр. «Zukhra brand» аталатын дүкеннің жұмысын үйлестіру анам екеумізде. Қазір 3-курс студентімін. Бойымды қайсарлық биледі ме, білмеймін. Әйтеуір өзімді бизнестің бейтаныс саласында сынап көруге шешім қабылдадым. Жуырда қасиетті Рамазан айында «Umma coffee» атты кофехана желісінің тұсауын кестім. Қолдау білдіріп келушілердің саны толассыз. Мұны мен берекелі бизнестің бастауы деп санадым.
Бизнес жүргізу жас талғамайды. Жас болсаң да қорқынышқа бой бермей, өзіңе сенім артып, атқарғалы тұрған жұмысыңа жауапкершілік таныту қажет. Бұл кәсіптерді бастау үшін ешқандай банк есігін торуылдап, қарызға батуға беттемедім. Жас бизнес өкілдеріне де мұндай тәуекелге бел бумауын сұрар едім. Себебі өмір тосын сыйларға толы, әліптің артын бағуымыз қажет. Мен үшін оқу мен бизнесті қатар алып жүру қиындық тудырмайды. Өйткені мамандығым тамақтану саласымен ұштасып жатыр. Сондай-ақ бұл салада машықтанып, мол тәжірибе жинау – өмірлік азық болмақ. Бизнес арқылы қандай салада жұмыс істесем де қоғамға пайдалы болуды борышым деп есептеймін, – дейді кәсіпкер Қарақат Нұрбол.


Ai_Luv дүкені жұптар жүрегінде

– Мен жастайымнан ораторлық қасиетке ие болдым, сондықтан еліміздегі пікірсайыс турнирлеріне жиі қатысып, көбінде жеңіске қол жеткіздім. Осы талантымды жоғары бағалағандар курс ашып, сабақ өткізуімді сұрады. Мұны мүмкіндік деп қабылдаған мен өз қабілетімді пайдама жаратамын деп ниеттендім. Сол уақыттан бастап, сұранысқа ие инфобизнеспен, яғни онлайн форматта білім берумен, ораторлық қабілеттерді дамытумен айналысуды қолға алдым. Бұл менің бизнеске басқан алғашқы адымым.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде «Ai_Luv» атты онлайн дүкен аштым. Дүкенде жұптарға арналған «хит» өнімдер сатылады. Атап айтсақ, гипстен жасалған мүсіндер, картинаға сурет салу, романтикалық туындыларды жасау – жас жұптар арасында танымалдылыққа ие. Кәсібім оңға басып, қолдаушылардың саны көп болды. Жалпы бизнес бастауға ниеттенген адамның жүрегінде түгі және қайтпас қайраты болуы тиіс. Өз қабілеттерін оңтайлы жүзеге асыра білген адам несібесіз қалмайтынын, еңбектің түбі тек жеңіске әкелетінін түсінсе екен деймін, – дейді студент, жас бизнесвумен Айжан Орынбасар.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!