Ине шықса да, түйме шықса да, әйтеуір, өзіміздің отандық өнім болғанын құп көреміз. Себебі, ішер ас-суымыз, киер киіміміз бен күнделікті пайдаланатын тұрмыстық заттың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Патенттеген дүниеміз аз. Бірақ, талпыныс, құлшыныс бар. Оған тележүргізуші, актер Рахман Омардың құрт шығаруды қолға алуы және оны патенттеуі дәлел. Актер оны шетелге алып шығуға немесе шетелден келген қонақтарға ұсынуға болатындай етіп, ерекше базарлық түрінде шығарған. Қазір еліміздің әр түкпірінде таяқшалы тәтті чупа-чупстың орнын басқан өнімнің саудасы қызу.
Актердің айтуынша, ашаршылық, зұлмат жылдарында халыққа талғажау болған тағамның қадірін біз жете түсінуіміз керек. Бүгінде нарықта құрттың түр-түрі бар. Бірақ, нағыз құртты табу қиын. Сондықтан сапалы өнім балалар іздеп жүріп жейтін чупа-чупс пішінінде дайындалған. Оны қазақтың дәмінен тату үшін шетелдіктерге де тарту етуге болады.
– Дүкен сөрелерінде көздің жауын алатын алуан түрлі химикат қосылған өнім қаптап кетті. Жастың да, жасамыстың да назарын аудартпай қоймайтын дизайн еріксіз өзіне тартып тұрады. Олардың басым бөлігі – пайда көздеген шетелдік компаниялардың өнімдері. Байқап қарасаңыз, құрамы да түсініксіз, ал ол химиялық консерванттардың зияны айтпаса да түсінікті. Шетелге барғанда да, елдің атынан базарлыққа не апарып жүрміз? Мәселен, сыйлығының тарихын сағаттап баяндап, түрік ағайындар лукум әкеледі, арабтар құрмасын дәріптейді. Бұл мәселе мені бейжай қалдырмады. Құрт – біздің асыл тасымыз. Сондықтан көп созбай, серіктестермен бірге «Asyl Tas Holding»-ты құрдық. 2 жыл уақыт кетті. Нәтижесінде құртты патенттеп алдық. Бүгінде отандық өнімді қолдаушылар көп, – дейді Рахман Омар.
Әңгіме барысында актер құрт салынатын қораптардың түр-түрі барын айтты. Мәселен, көк және қара қорапша сыртында 3 тілде өнім туралы ақпарат берілген. Қара қораптың ішінде Абайдың 7-ші қара сөзі жазылған. Дәлірек айтсақ, ұлы ойшылдың адамзатқа қатысты айтқан қара сөзі әрі құрттың қазақ тарихындағы маңызы келтірілген. Әрбір сатып алушы осылайша ауылдың дәмін татып, тарихқа, құрттың біз үшін қаншалықты маңызға ие екенін түсіне алады.
– Таяқшалы тәтті шығаратын Chupa Chups Group XXI ғасырдың басында-ақ сауда көлемін 400 миллион доллардан асырған. Негізін салушы испандық Енрик Бернат сол кездері барлығын қарапайым ғана ағаш таяқша мен мұз кәмпиттен бастаған. Ал, танымал суретшімен достық әрі табысты зерттеулер тәттінің әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең сүйікті дәміне айналуына ықпал етті. Оның қасында біздің құрттың 40 түрлі пайдасы бар. Медицина мамандары да осыған келіседі. Ұлттық өнімімізді қайта жаңғыртып, ұлттық брендті насихаттау өз қолымызда. Құнарлы құрт қазаққа тиесілі, сондықтан оны бірге дәріптеуге шақырамын, – деп түйіндеді тележүргізуші.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!