Фаст-фуд өнімдеріне сұраныс жоғары екені айтпаса да белгілі. Жас болсын, жасамыс болсын жеңіл тамаққа бой үйретіп алғанбыз. Қандай тамақтану орнына барсаңыз да, бұл өнімге ықыласы ауғандардың көп екенін аңғару қиын емес. Дайындалу тәсілі оңай кәсіп түріне уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Онымен қоса кез келген мекен-жайға тапсырыс арқылы жеткізу тәсілі кеңінен тараған. Бұл фаст-фуд өнімдерін шығару енді аудан, ауылдарда да белең алуда. Бүгінгі кейіпкеріміз Қанат Ерболатұлының Жалағаш пен Шағанда осындай өнімді әп-сәтте дайындап беретін орталығы бар. Шағанда бой көтерген «Дәмді»-нің  жақында тұсауы кесілді.

– Кәсіпкерді ең алдымен бастаған ісі тиімді ме, тиімсіз бе сол ойландырады. Ешқандай кәсіпкер шаруасын бірден бастап кетпейді. Мен де біраз уақытқа дейін шешім қабылдай алмай жүрдім. Жас болған соң замандастарымның идеясына құлақ түрдім, оларға ұнайтын нәрсемен айналысуды жөн көрдім. Қазір италияндықтардың пиццасы, азиаттардың сүйікті сушиі, түріктердің  донеріне тапсырыс беретіндер көбейді. Тіпті кешкі асқа да сұратып жатады. Сондықтан бұл жастардың таңдауы екенін түсіндім. Не де болса донер дайындауды қолға алған жөн деп шештім. Осылайша Тереңөзектен жұмысымды бастадым, ілгері басқан соң Шағаннан жаңа орталық аштым. Келушілер саны аз емес. Тұрғындардың көңілінен шығып жатыр, – дейді жас кәсіпкер.

Шағандықтар дән риза. Оны әлеуметтік желіде толастамай жазылып жатқан пікірлерден, кәсіпкерге деген жылы лебізден аңғаруға болады.

«Ауылда тұрған жақсы, таза табиғаты, ағарғаны, туған-туыстың ортасы бар мұнда. Бірақ заманнан қалыс қалмау керек. Айтайын дегенім, үйдегі кішкентай інім кеш жасарда баяғы тойдың дастарханын қаламайды. «Суши-пицца мен донер, тауық қанатшаларын аламыз» деп қалаға асығады. Ауылдың белсенді жас кәсіпкері Қанат Ерболатұлы жаңа тамақтану орталығын ашты. «Дәмді» деп аталатын фаст-фуд орталығында балаларға керектінің барлығы бар. Қалаға барып сенделмейді енді. Ел болып қуанып жатырмыз», – дейді ауыл тұрғыны Майя Қожабай.

– Алғаш 2017 жылы «Браунис» тамақтану орталығына жұмысқа орналастым. Сол уақытта біздің ауданда, ауылдан неге ашпасқа деген ой келді. Соны мақсат етіп қойып, 2018 жылы 270 мың несие алып, Тереңөзек кентінен 1 бөлме жалға алдым. Нәтижесінде тамақтану орны ашылды. Қазір Жалағаш ауданында донер мен Шаған ауылында «Дәмді» фаст-фуд орталығы бар. Мұнда 8 адам жұмыс істейді, – дейді Қанат.

Айта кетейік, жас кәсіпкерге қолдау көрсеткен – «Шаған жер» серіктестігі.

М.САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!