Ине шықса да, түйме шықса да, әйтеуір, өзіміздің отандық өнім болғанға не жетсін?!  Әйтсе де, киер киім, ішер ас-суымыз, күнделікті қолданыстағы тұрмыстық заттардың басым көпшілігі шетелден әкелінетінін жасырып қайтеміз. Қазақстандық өнімге деген сұраныс жоқ деуге ауыз бармайды, десек те, олардың дүкен сөрелерінде самсап тұрғанын сирек кездестіреміз. Жуырда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Жұмыспен қамту жол картасының аясында 7 өңірде отандық өнімдерді қолдану көрсеткіші 90 пайыздан төмен екенін баса айтты.  Аталған өңірлер арасында Қызылорда облысы алда тұр. Министрдің айтуынша, біздің аймақтың 80 пайызы өз еліміз өндірген заттарды пайдаланбайтын көрінеді.

Бірақ бұл көрсеткішті Атамекен кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық филиалы растамай отыр. Палатаның баспасөз хатшысы Балдырған Мәмен өткен жылы кәсіпкерлер палатасы аталған мәселе бойынша жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргенін айтты.

– Былтыр Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның 13 отырысы өтті. «Қарапайым заттар экономикасының» барлық 6 саласы бойынша KPI орындалды. Атап айтқанда, 2020 жылдың қорытындысымен жергілікті қамту үлесі жеңіл өнеркәсібінде – 57%-ды (KPI – 44,6%), жиһаз өнеркәсібінде – 70%-ды (KPI – 43,3%), тамақ өнеркәсібінде – 74%-ды, құрылыс материалдары бойынша – 55%-ды (KPI – 49,8%), машина жасау бойынша – 27%-ды (KPI – 14,1%), химия өнеркәсібінде – 66%-ды (KPI – 22,1%) құрады. 2020 жылы құрылыс, қайта жаңарту, күрделі жөндеу жобаларының тізбесіне жалпы сомасы 18,0 млрд. теңгені құрайтын 28 құрылыс нысаны енгізілді. Құрылыс-монтаж жұмыстарындағы жергілікті қамту үлесі 81%. Бұған қоса Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жалпы сомасы 40,0 млрд. теңгеге 291 құрылыс, қайта құру және күрделі жөндеу жобаларының тізбесі жасақталды. Қорыта айтқанда, жергілікті қамту үлесі 92%-ды құрады, – деді Балдырған Мәмен.

Бір қызығы,  министр мен жергілікті  жауапты мамандардың көрсеткіші қарама-қайшы. Анығы жергілікті қамтуға қатысты өңірлерде көшпелі тексерулер жүргізілгеннен кейін белгілі болады. Көктемде Президенттің жергілікті қамту үлесіне қатысты сынына орай өңірлерге көшпелі тексерулер ұйымдастыру үшін мемлекеттік органдардың өкілдерімен жұмыс тобы ұйымдастырылады. Отандық тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің қолданылуын растайтын барлық конкурстық құжаттар сол кезде тексеріліп, нәтижесі шығады.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!