Қысылған шақта халыққа көмек қолын созған еріктілердің қолдауы ерлікке пара-пар. Әсіресе, айналадағы оқиғаға бей-жай  қарамайтын жастардың мұндай жәрдемі пандемия кезінде ерекше сезілгені анық. Ауруханаға оттегі баллондарын тасу, қоғамдық орында бетперде тарату, сақтық шарасына үндеу секілді маңызды қадамды қалтқысыз орындады. Содан болар, бүгінде көмекке мұхтаж жан болса, алдымен еріктілер көмек беруге талпынады. Тіпті, үйсізге үй сыйлаған, науқасқа қаражат жинаған белсенді азаматтар туралы көп естиміз. Сондай жанашыр жастың бірі – қазалылық Талап Олжабек.

Ерікті «Жыл волонтері» облыстық сыйлығының «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын жеңіп алды. Үздіктер қатарынан көрінген Талап сыйлықпен қатар 100 мың теңге қаржылай степендия иегері де атанды.

Қайырымдылығымен ауданға ғана емес, аймақ көлеміне танылған жо­март жан қоғамдық жұмыстар­ға белсенді араласып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесуде жастардың назарын аударып келеді. Бұған дейін ол Қазалы ауданы Өркендеу ауылының тұрғындарынан құралған «Жанкент жастар» ұйымына басшылық жасап, жыл бойы әлеуметтік көмек беруге бағытталған түрлі  бастамаларға жетекшілік жасады. Тіпті, биыл Жанкент ауылының ерікті жастарын ұйымдастырып, жалғызбасты көпбалалы анаға тұрғын үй салу ісі қолға алынған болатын. Осы аралықта іргетасы қаланып, тұрғын үйдің кірпіші өріліп, бастамашыл жасқа көп сүйсініп үлгерді. Бүгінде аталған баспананың шатырын салу, есік-терезесін орнату жалғасуда.

– Еріктілік – әрбір азаматтың борышы. Мен үшін өмірлік жолым мен бастамаларыма әсер еткен осы ұстаным қадірлі. Оған қоса еріктіліктің қоғамға тигізер пайдасын терең түсінуіме жол ашқан Еркебұлан Меңлібаев, Жасұлан Алдабергенов сынды азаматтардың үлесі зор. Сол азаматтармен етене араласып, ой алмасу арқылы көпті түйдім. Нәтижесінде көрген, білген тәжірибені  ауыл жастарымен бөлісу мақсатында елге қайтып, 2012 жылы аудандағы түрлі жастар ұйымымен белсенді араласуға мүмкіндік туды. Кейіннен жинаған іс-тәжірибеге сүйеніп, Өркендеу ауылдық қоғамдық жастар ұйымының төрағасы болып сайландым.

Алдымен ауыл жастарының басын қосып, қоғамдық шара, мәдени кештер өткізу арқылы жастар саясат мәселесін дамытуды көздегенім жасырын емес. Ойға алған бастамаларым сәтті шығып, жыл өтпей,  Өркендеу ауылдық округі әкімі аппаратында «Жастар тәжірибесі» бойынша көмекші маман болып  жұмысқа қабалдандым. Осының бәрі бүгінгі жетістігіме жетелеген қадамдар, – дейді ерікті.

Талап Алтынбекұлы бастаған «Жанкент жастар» ұйымы көптеген толымды тірліктің басы-қасында жүр. Мәселен, «Birge – taza Qazaqstan» акциясы аясында ұйым мүшелері жыл бойы Жанкент қалашығына тазалық жұмысын жүргізіп келеді. Оған қоса тұрмысы төмен отбасыларға қыстық отын жеткізу, ардагерлер мен зейнеткерлерге көмек көрсету, ауыл арасындағы мерекелік шаралар ұйымдастыруды да дәстүрге айналдырған.

Ұйым жастарының тағы бір ерлігі – құрғақшылықтан зардап шеккен халыққа болысқан ниеті. Қуаңшылық салдарынан қысқы жем-шөп қамдауға қауқарсыз тұрғындарға көмек көрсету үшін белсенді әрекет жүргізген. Осы мақсатта Талап Олжабек аудан көлемінде өткен «Шөп ору» сайысына қатысып,  жастарға үлгі көрсете білді.

Жалпы облыстағы еріктілердің жәрдемімен біткен істің қатары мол. Әр ауданда жастардан құралған ұйымдар волонтерлік бастамаға белсенді араласып, қоғамдық жұмысты тыңғылықты атқаруда. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы «Жаңарған Жаңақорған жастары» атты қоғамдық қор бар. Осы ұйым жастары жыл сайын бірлесіп баспана салып, оның кілтін мұқтаждарға табыстауды дәстүрге айналдырған. Биыл да асар әдісімен алтыншы баспана құрылысына кірісіп, оны бір ай ішінде толық аяқтады. Жастар ұйғарымымен бұл үй мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыға табысталған еді. Осындай игілікті істің ұйытқысы болып жүрген жастарға аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова да ризашы­лығын білдіріп, «Қайы­рымды істер мара­фоны» жалпы­ұлттық акциясы аясында «Ең қайырымды ұйым» номинациясын табыстаған.

Сондай-ақ елде қуаңшылық орын алған тұста 24 жастағы Құрмет Талапқазының бастамасымен еріктілер ерлік көрсеткен еді. Сырбойылық жастар Құрметтің бұл үндеуіне үлес қосып, құрғақшылықтан зардап шеккен Арал ауданының шаруаларына қолдау көрсету мақсатында «Жастардан жәрдем» акциясын қолға алды. Жастар ауыл-аймақтардағы қызу тірлікке етен араласып, үлгі көрсете білді.

Жалағаш ауданындағы студент жастардың да ерікті болуға құлшынысы артып, көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созу ісі жалғасуда. Кәсіпкерлер мен жомарт жандарды игі іске жұмылдыру арқылы «Бір жылда бір баспана» атауымен ерікті жастар қоры құрылды. Қол ұшын созамын дегендерге әлеуметтік желі арқылы арнайы дайындалған реквизиттер көрсетіліп, қайырымды іске керекті қаражат жиналған. Осы жұмыстың кезекті нәтижесі – Тағынбаевтар отбасының баспаналы болуы. Арнайы осы іске қол ұшын созған кәсіпкерлер, ерікті жастардың ерлікке толы қадамын барша жұрт сүйсіне тамашалаған еді.

Бүгінде аймақтағы еріктілер тобының осы тектес жұмысы жалғасуда. Бастамаға қосылған азаматтардың басым дені жастар болғанымен, игі іске ересектер де атсалысып келеді. Еріктілер өздерінің күнделікті жұмысынан босай қалған шақта мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізу, зейнеткерлерге дәрі-дәрмек апару секілді қызмет атқарады. Сондықтан еріктілік адалдық пен шынайылықты талап ететін ерекше әрекет деуге толық негіз бар.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!