Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін олардың өзіндік күш-қуаты мен сенімін арттырып, қолынан келетін көп істердің мүмкіндіктеріне бағыт берген абзал. Логикалық жаттығуды орындау баланың ақыл-ойын, қиялын, ой ұшқырлығын дамытады. Математика мектеп курсының негізгі пәндерінің бірі бола отырып, үлкен техникалық прогреске байланысты ерекше мәнге ие болды.
Математикалық әдістер және математикалық ойлау стилі адамның барлық өміріне енеді. Егер бұрын ерекше дарынды балаларды іріктеу туралы сөз қозғалса, онда кең математикалану салдарынан мектепте қабілеттерді диагностикалау қажеттілігі пайда болды.
Байқасақ, математика қоршаған ортаны танып-білуге, заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Табиғи құбылыстардың сипатын математика тілі арқылы моделін құрып, болашақтағы құбылыстың күйін болжай аламыз. Есептердің қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, жан бітіп, іске асуын кез келген жерден көруге болады.
Мысалы, біз күнде мініп жүрген көлік, қолданатын компьютер, ұялы телефондар, тіпті біз тұрып жатқан зәулім үйлерді айталық. Құрылыс пен сәулет өнері – адамның алғаш пайда болуынан басталған көне кәсіп. Ғасырлар ауысса да ол бізбен бірге дамып, жетілуде. Құрылыс саласының өзіне тән ережесі, тәртібі және нормативтік құжаттары болады. Соған сәйкес әрбір құрылысшы кірпішті қалай қалау керек, оның нормасы қандай болады деген сияқты құрылыс технологиясын меңгеруі қажет. Сондай-ақ жобаны оқи білуі керек. Бір нысан мен екінші бір нысанның ерекшелігін білу, технологияны, адамды орнымен пайдалану, алған білімді тиімді жұмсай білу мәселелерін дәл, нақты есептей білу керек. Яғни математикадағы масштабты жақсы түсініп, оны практикада қолдану қажет. Медицина мен денсаулық сақтау саласында да көптеген есептеулер жүргізіледі.
Міне, осындай құндылық баланы математикаға баулуға итермелейтіні сөзсіз. Себебі, балалардың логикалық ойлауын, математикалық қабілеттерін дамыту – өмірлік дағдыларды жеңіл игеруге септесетін негізгі күш.
Халида ТОЛЕЙОВА,
Төретам кенті, Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!