Қала әкімі Ғанибек Қазантаев денсаулық және демалыс саябағында болып, абаттандыруды жандандыру мақсатында кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.
Бүгінгі таңда аумағы 16,5 гектарды құрайтын саябақты жасыл желекпен көмкеру бағытында бірқатар шаралар атқарылып келеді. Мұнда жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар қарастырылып, балаларға арналған ойын алаңдары, орындықтар мен кешкі жарықтандыру шамдары, аяқ су каналы жүргізілген.
Қала әкімі саябақты халық игілігіне жаратуға сай әзірленген эскиздік жобаларды негізге алып, саябақтан балаларға арналған аттракцион, демалыс аймағын, жағажай орындарын ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды, ол үшін кәсіпкерлерден тың идеялар мен ұсыныстар күтетінін және оны жүзеге асыру үшін толық қолдау білдіретінін жеткізді.
Қала кәсіпкерлеріне берілген тағы да бір мүмкіндік, Қызылорда-Жезқазған трассасы бойындағы 980 гектар тұрғын аумақ пен 150 гектарды құрайтын тұрғын аумақтарынан кәсібін кеңейтіп, жандандыру үшін жер телімдерінің ұсынылуы.
Игілікті бастамаға қолдау білдірген кәсіпкерлер аумақтан дәріхана желісін, монша, ашық немесе жабық сауда қатарларын (базар), сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін түрлі нысандарды орналастыруды жоспарлайтынын жеткізді.
Айта кету керек, 2014 жылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында Қызылорда-Жезқазған трассасы бойындағы 980 гектарды құрайтын тұрғын аумақтың жобасы әзірленіп, дайын 5112 жер учаскелері 2016 жылдан бастап қала тұрғындарына табысталған.
Қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген аумақта жеке тұрғын үй құрылысынан басқа шағын және орта бизнес субъектілеріне жалпы аумағы 4,2 гектарды құрайтын 21 жер учаскесі қарастырылып отыр.
Қала әкімі аялдаған келесі нысан, Қызылордада жүйелі жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның бірі «Дорстрой Тех.Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік Қызылордада брусчатка, бордюр, қап шығаратын зауыт ретінде үздіксіз жұмыс жасап келеді.
Мұнда серіктестік теңгеріміндегі екі ғимарат «Арнайы экономикалық аймақ» және шағын өнеркәсіптік аймақ құру үшін ұсынылуда.
Оның тиімділігі, республика экономикасының әлемдiк шаруашылық байланыстар жүйесiне енуiн жандандыруға, жаңа технологиялардың бiр немесе бiрнеше сапаларын дамытуға, жоғары тиiмдi өндiрiстер құруға, сондай-ақ өзге де әлеуметтiк проблемаларды шешуге мүмкіндіктер ашады.
«Сіздердің қала әлеуетін дамытудағы оң бастамаларыңыз үшін алғыс айта отырып, бұл жобаны бірлесіп, үйлестіру жұмыстарын әрі қарай жүргізу үшін тиісті сала басшыларына қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын»,-деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев кәсіп иелеріне.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!