Кәсіби білім мен ақпарат қолжетімді болған бүгінгі күні бизнестің қыр-сырына қанығып жүргендер аз емес. «Кәсіп түбі – нәсіп» деп білгендер өз ісін ашуды армандаса да, көп жағдайда басты кедергі – бастапқы капиталдың жетіспеушілігі. Осы орайда тәуекел етіп, түрлі дәрежедегі банктерден несие алмай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасының қайтарымсыз грантына қол жеткізу – үлкен мүмкіндік. Биылдан бастап бағдарлама бойынша берілетін қайтарымсыз несиенің көлемі артты. Сонымен аталған несие кімдерге, қандай жағдайда беріледі? Биыл өңір бойынша қанша грант бөлінбек?
Айтып өткеніміздей, мемлекеттік грантты қайтарудың қажеті жоқ, үстіне пайызы да қосылмайды. Алайда бағдарлама бойынша белгіленген уақыт аралығында білім алып, тегін несиеге лайық деп табылғанда қаржыға ие болудың бірден-бір шарты – қаражатты өз ісін ұйымдастыру мақсатына пайдалану. Мемлекеттік грант кімдерге тиесілі? «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант беру Үкіметтің 2018 жылғы 513-ші қаулысымен реттеледі. «Еңбек» бағдарламасына тікелей қатысып, жұмыспен қамту орталығы негізінде қысқа мерзімді мамандандырылған оқыту курстарынан өтуі немесе кәсіпкерлік негіздеріне сай колледж, университет, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алуы тиіс. Сонымен қатар азаматтың бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар бойынша грант алмауы да – басты шарт. «Еңбек» бағдарламасына жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, қоныс аударушылар, оралмандар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатыса алады. Басымдық еңбекке қабілетті мүгедектер, жастар мен аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелеріне беріледі.
Өткен жылға ойыссақ, пандемияның салқыны бизнес саласынан сезілді. Дегенмен мемлекет тарапынан жұмыссыздықты жою мен кәсіп бастаушыларды жан-жақты қолдау шаралары үздіксіз ұйымдастырылып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілгенін мойындау керек. Мәселен, биыл республика бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің саны біршама артқан. Өткен жылдың 1 қаңтарында елде 1 млн 357,3 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелсе, 1 желтоқсандағы көрсеткіш 1 млн 424 мыңды құраған.
Пандемия басталғалы кей салада бизнес субъектілерінің саны азайғаны мәлім. 2020 жылы 1 қаңтарда көтерме және бөлшек сауда саласында 442,4 мың субъект болса, бір жылдан кейін 436,1 мыңы қалған. Қаржы, көлік және қойма, жылжымайтын мүлік операциялары саласында да кәсіпкерлік нысандар азайған. Керісінше соңғы уақытта ауыл шаруашылығы бойынша кәсіп ашқандар 3,4, құрылыс бойынша 11,2, денсаулық сақтау саласы бойынша 10 пайызға артқан. Бұл – кәсіптік нысандардың халықтың сұранысына сай жаңа бағытта ашылып жатқанының көрінісі.
Айта кету керек, осы жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы берілетін қайтарымсыз гранттың көлемі 580 мың теңгеден 1 млн 200 мың теңгеге дейін көтерілген еді. Өңір бойынша биыл тың бизнес идеяны іске асыру үшін мемлекеттік грантты алуға 909 қызылордалықтың мүмкіндігі бар. Оның ішінде қайтарымсыз несиенің 331-і жас кәсіпкерлерге беріледі деп жоспарлануда. «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» дейді Ахмет Байтұрсынов. Білімді, бай һәм күшті буынға айналу жолында мемлекеттік бағдарламалардың бағыт сілтеп, жығылғанға жәрдем беруі жолға қойылған. Дегенмен қайтарымсыз қаржының қадірін білмей, қалтаға басып қалудың ретін табатындар да бар. Сондықтан жауаптылар бағдарламаның нәтижесі ғана емес, жұмыс барысы да маңызды екенін ескерсе дейміз.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!