Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Кез келген мемлекеттің инфрақұрылым, экономикалық жағынан дамуы биліктегілер мен халықтың, тұрғындар мен жақсы бастама көрсе, бетін қақпай, белін буатындардың біріккен жұмысының нәтижесінде көрініс табады. Өңірдің даму жоспарында да инвестиция тарту арқылы іске асырылатын жобалар жетерлік.

Мемлекет басшысының, Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың және бірлескен жұмыстардың нәтижесі Сыр еліндегі тың жобалардан көрі­ніс табуда. Ауқымды инвестициялардың тарты­луы тіректі салаларда серпінді қадамдар жа­сауға мүмкіндік берді. Жыл басында өткен инвестициялық штаб отырысында инвестиция тарту бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында бірінші орында екені айтылған болатын.
Аймаққа 400 млрд теңгеден астам қара­жат тартылған. Негізінен Қызылорда облы­сында қала, аудан, ауыл әкімдерінің жұмысы өз өлкесіне инвестиция әкелу көрсеткішімен бағаланады. Межелі міндетті артығымен орын­даған ауданның бірі – Қазалы. Мұнда инвес­тицияның басым бөлігі ауылдарды түлетуге бағытталған. Өткен жылы 18 миллиард теңге инвестиция тартылған Қазалы ауданында құ­рылыс қарқын алып, 25 ірі өндірістік-сауда ор­талығы салынды. Одан бөлек демеушілер көмегімен ондаған әлеуметтік нысандар бой көтерді. Үрмаш Түктібаев ауылы тұрғындары­ның сұранысымен салынып жатқан спорт кешенінде ашылатын үйірмелерге жастар осы бастан тіркеліп жатыр. Сонымен қатар елді мекен шаруаларының өтініші бойынша егістікті суаратын 12 шақырымдық арна тазаланды.
«Халық ұсыныстарының бірі интернет жүйе­сі болса, ол өз кезегінде орындалды. Елді мекен орталығына жоғары жылдамдықты интернет тартылып, пайдалануға берілді. Биыл ауылішілік 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Алға ауылдық округінің әкімі Олжас Ахметов.
Биыл ауданға 20 млрд теңге инвес­тиция тарту жоспарланып отыр. Қаржы негі­зі­нен ауыл жолдарын жаңғыртып, шалғай елді мекендерде жеке балабақша желісін қалып­тас­тыруға бағытталады.
«Облысымыз 2022 жылдың қорытынды­сы­мен әлеуметтік-экономикалық дамудың макро­көр­сеткіштері бойынша республика өңірлері арасында жоғары орындарға көте­рілді.
Өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 5,6 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 1,8 пайызға, инвестициялар тарту – 26,8 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 3,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 16,6 пайызға және сауда көлемі – 2,3 пайызға артты.
Аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде бірінші орынға шықты. Өткен жылы атқарылған шара­лардың нәтижесінде инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 100,6 млрд теңгеге артты (308 млрдтан 409,5 млрд теңгеге)», – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев облыстық қоғамдық кеңес отырысында.
Еске салсақ, индустрияландыру бағытын­да­ғы құны 1 млрд теңге болатын 5 жоба, биылға жоспарланған құны 13,4 млрд теңгені құрайтын 9 жоба шикізатқа тәуелділіктен арылуға, эко­номиканы әртараптандыруға бағытталған. Мә­селен, «Акса энерджи» тү­рік компаниясымен бірлесіп жылу электр орталығы іргетасының қалануы, «Коч Холдинг» компаниясымен Жаңа­қорған ау­да­нында «Қызылорда – Агроплюс» серік­тестігінің томат пастасын өндіру жобасы, «TAT» компаниясымен бірлесіп, тамшы­латып суару әдісімен 10 гектар жерге тәжі­рибелік қы­занақ тұқымы егіліп, жаңа өнім жиналуы – шетелдік инвесторларды тарту бойынша жүр­гізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Шыны зауыты жанынан құны 100 млрд теңге болатын 8 ілеспе кәсіпорын құру жос­парланып, төртеуі бойынша жобалау жұ­мыстары басталса, қалған жобаларға ин­вестор іздестірілуде.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!