Кәсіп – қоғамның экономикалық, әлеуметтік және инновациялық дамуының маңызды қозғаушы күші. Өңірде бұл сала қарқынды дамып, мемлекет тарапынан жыл санап мүмкіндіктер қатары артып келеді. Осының арқасында аймақ бюджеті 2024 жылы 750 млрд-ты құрап, жұртшылықтың әлеуметтік хәлі мен жалпы өңірдегі өмір сүру сапасы жақсарып келеді.
Өңірдегі ахуал
Облыстағы бизнес субъектілері тек сауда және қызмет көрсету саласымен ғана шектелмей, ауыл шаруашылығы, өндіріс және инновациялық технологиялар бағытында да ілгерілеп келеді. Қазіргі таңда Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Қызылорда өңірінде барлығы 65258 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Бұл кәсіпкерлікте 116832 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұл бағыт бойынша жастарға да қолдау жеткілікті. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының хабарлауынша, 39,4 млн теңгені құрайтын 8 жоба мемлекеттік грантқа ие болса, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 36 жоба 294,4 млн теңгеге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 59 жоба 339,5 млн теңгеге қаржыландырылды.
Бизнесті жүргізуді оңтайландыру мақсатында «Бизнеске арналған үкімет» платформасы жұмыс жасайды.
Ауылдық өңірлерде де кәсіп бағыты ауқымды жұмыстармен қарқынды дамуда. «Ауыл аманаты» жобасының арқасында кейінгі екіжылдықта 601 жоба жүзеге асып, 917 жаңа жұмыс орны ашылған. 2025 жылы аталған жоба аясында 5,5 млрд теңгені құрайтын 815 жоба іске қосылып, 1060 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Кәсіпкерлерге арналған жобалар туралы білесіз бе?
Бизнес бастағысы келген жандар үшін бірқатар бизнес бағдарлама жұмыс іске қосылған. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы – бағдарлама қатысушыларын кәсіпкерлік дағдыларға, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру қағидаттарына оқытуға, сондай-ақ олардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған.
Жобаға қатысушылар: жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер.
Бизнес туралы білім алу курсының ұзақтығы – 1 ай. Оқытуды бизнес-жаттықтырушы оқытудың заманауи әдістемелерін пайдалана отырып, интерактивті түрде жүргізеді. Жеке оқыту бизнес-жоспарды дайындау немесе бизнес-жобаны дамыту бойынша кеңес беруді қамтиды. Бизнес-жобаны қорғағаннан кейін қатысушылар гранттар мен микрокредиттер түрінде бастапқы капиталды алады. Бизнес-нұсқаушы бизнесті іске асыру процесін бірінші пайда алғанға дейін сүйемелдейтін болады.
Одан бөлек, кәсіп ашқысы келгендер қайтарымсыз мемлекеттік грантты ұтып алуға мүмкіндігі бар. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен немесе «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді оқытуды аяқтаған және бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде гранттар алмаған «Еңбек» бағдарламасының қатысушылары мемлекеттік гранттар алуға үміткер атана алады.
Сондай-ақ 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Жолдауы негізінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастарға жеңілдікпен шағын несие беру ережесін бекітті. Бұл бағдарлама арқылы 21-35 жас аралығындағы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтарға 5 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бұл бағытта осыған дейін 812 млн теңге қаржы несиеге берілген. Сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5%, ал несиені қайтару мерзімі мал шаруашылығы үшін 7 жылға дейін, басқа салаларға 5 жылға дейін.
Несиені қайтару жеңілдік кезеңі несие мерзімінің үштен бірін құрайды. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Шағын несие беру туралы шешімді әкімдік жанындағы комиссия қабылдайды, ал үміткерлер өз бизнес-жобаларын комиссия отырысында таныстырады. Жоба әлеуметтік маңызы бар, өміршең, экономикалық тұрғыда негізделген болуы керек.
Салық салмақ салмаса…
Бүгінде кәсіпкерлер үшін салықтың жүктемесі күрделі мәселе. Алайда 2023 жылы қалалық және аудандық мәслихаттардың шешімдерімен бөлшек салықтың арнаулы салық режимі бойынша мөлшерлеме 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Бұл қадам шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында қабылданып, кәсіпкерлер үшін салықтық жүктемені азайтты. Осы өзгерістердің арқасында бизнес иелері қосымша қаржы ресурстарына қол жеткізіп, өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда облыс бойынша бұл арнаулы салық режимін 1628 кәсіпкерлік субъектісі қолдануда. Бұл көрсеткіш өңірдегі шағын биз- нес үшін салықтық жеңілдіктердің тиімділігі мен маңыздылығын айқындайды.
Қызылорда өңірі кейінгі жылдары кәсіпкерлік саласында жаңа идеяларды жүзеге асыру мен бизнестің дамуына қолайлы алаңға айналып келеді. Мемлекеттік қолдау, жастарға арналған арнайы бағдарламалар және әртүрлі салалық даму мүмкіндіктері өңірдегі кәсіпкерліктің қарқынды дамуына серпін беруде. Бұл бағыттағы жұмыс нәтижесінде бірнеше кәсіпорын ашу мен жаңа бастамалар қолға алынып, өңірдің экономикасына елеулі үлес қосуда. Сонымен қатар жергілікті әкімдік пен түрлі ұйымдар кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, бизнесті дамытуға қажетті барлық ресурсты ұсынуда. Осының бәрі облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың негізі. Келешекте де бұл үрдіс жалғасып, Қызылорда өңірі кәсіпкерлік, инновация және өркендеу жолында үлкен жетістіктерге жететініне сенім мол.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!