Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер қабылдау 20 ақпанда басталды.

Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгеге тең. Информбюро қайтарымсыз гранттарды қалай алуға болатынын түсіндіреді.

№1. Қанша грант беріледі?

2023 жылғы 20 ақпанда business.enbek.kz порталында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер қабылдау басталды. Бірінші лек аясында республика бойынша 2577 грант беру жоспарланып отыр.

№2. Кім грант ала алады?

Грант алу үшін бірқатар шарттарға сай болуы керек.

Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа үміткер бола алады:

  • тіркелген жұмыссыздар;
  • жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).

Бұл жағдайда өтініш беруші келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуға тиіс:

  • көпбалалы отбасы мүшелері (күйеуі, әйелі);
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • «қандас» қолданыстағы мәртебесі бар адамдар;
  • қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
  • мүгедек баланы тәрбиелеуші жәрдемақы алатын адамдар.

Үміткерде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек. 

№3. Қанша рет грант алуға болады?

Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы – 400 АЕК (1 380 000 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.

№4. Гранттар не үшін беріледі?

Грант қаражаттары жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

№5. Қалай өтініш беруге болады?

Өтініш беру үшін:

  • порталда тіркелу;
  • грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту;
  • бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу;
  • өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою керек.

№6. Порталға қалай тіркеледі?

Порталға электронды пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелуге болады.

Enbek.kz порталында бұрын тіркелген аккаунтыңыз болса, онда қайта тіркелудің қажеті жоқ.

Пайдаланушыны сәйкестендіріп, тіркеуді аяқтау үшін ЖСН көрсету керек.

Одан кейінгі қызметтерді алу ұшін ЭЦҚ қажет ЭЦҚ болмаса оны eGov порталынан қашықтан алуға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!