Қоғамның қозғаушы күшін бірінші кезекте жұмыспен қамту мәселесі бүтіндей бір мемлекеттің назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауында жастарды қолдаудың нақты шараларын көрсетіп, тиісті министрліктерге тапсырма берген болатын.

Жолдауда айтылған дүниелер қолдау тауып, биылдан бастап 100 мың жасқа жұмыс ұсынылып, оларды еңбекке араластыру шаралары жүзеге асырылу керек. Соның бірі де бірегейі – кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілмек. Ережеге сәйкес, бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Президент пәрмен берген бұл іс өңірлерде қалай жүзеге асуда? Биыл қанша жас кәсіпкер атанады?
Аталған жоба бойынша өңірде жасалып жатқан істер жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаевадан сұрап білген едік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру» қағидасын бекітті. Оның негізгі талабы бойынша 21-35 жас аралығындағылар қатыса алады. Жеке кәсіпкердің кәсіпкерлігінің тіркелген уақыты 5 жылға дейін болуы тиіс. Облыс жастары несие алу үшін тиісті құжаттарын несиелендірудің сенімді өкілі ретінде танылған «Аграрлық несие корпорациясына» тапсырады. Ал негізгі шарттарына тоқталар болсақ, микрокредит мерзімі 5, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Оның ең жоғары сомасы 5 миллион теңгеге дейін бекітілген. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Бірақ кепілмен қамтамасыз етілу керек. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге (агентке) микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аз кәсіпкерлер болу керек, – деді ол.
Құжаттарды тексеру уақыты өтінім түскен күннен бастап 3 жұмыс күнін құрайды. Ал қажетті қағаздары сәйкес келмеген жағдайда нақты себеп көрсетіліп, кері қайтарылады. Тиісінше барлық құжат ережеге сәйкес болса, 15 күн ішінде бағалау жүргізіліп, тиісті жұмыстар біткеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның қарауына жолданады. Әдетте қандай да бір несие алу үшін ең бірінші қажетті құжат жинау керек. Ол үшін де бөлек уақыт арнау қажет. Ал аталған жоба бойынша қажетті құжаттар саны едәуір азайыпты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Маханбет Тұрмаханов құжат жинау барысы жайлы айтқан еді.
– Құжаттар тізімі жеңілдетілді. Небәрі 12 құжат керек. Оның көбісі кәсіпкерлердің қолында бар. Мысалы, кәсібін бастағаны жөніндегі талон. Біздің сайтқа кірсе, толтыратын құжаттардың үлгілері көрсетілген, – деді.
Мамандардың айтуынша, құжат жинау барысында жастар қиындықтарға кезігуі мүмкін. Процедура 1,5 айға дейін созылатынын да еске салады. Сондықтан кәсіп бастаймын деген жас мақсатына жету жолында шыдамдылық танытқаны жөн. Айта кетейік, биылға 257 жасқа 1285 млн теңге қаралуда. Демек, осынша жас екі қолына бір күрек тауып, бастаған кәсібі арқылы өзі де еңбектенсе, бірнеше адамды жұмыспен қамту арқылы нәсібі мен несібесін бөліспек.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!