Қазіргі таңда кәсіпкер жобасына қолдау білдіретін мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры», сондай-ақ «Бизнес Бастау» жобалары іс бастауға ниетті жанға демеу.

Жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бірнеше нысанға пресс-тур ұйымдастырды. Аталған мекеме «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бойынша көмек көрсетеді.
Бір топ журналист алдымен Жұмабек Садуақасовтың құрылыс нысанына бет бұрды. Кәсіпкер өткен жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен «Сбербанк» арқылы 70 миллион теңге несие рәсімдеген. Бүгінде 14 проценттік несиенің 8 проценті қордан төленсе, 6 процентін кәсіпкер өзі өтейді.
– Кәсіпті ең алғаш 2013 жылы бастадық. Шикізатты Шиелі, Жаңақорған ауданынан алдырамыз. Қазіргі таңда сұраныс жоғары. Оны өтеу үшін күніне 3000-нан аса өнім шығарамыз. Он адамды жұмыспен қамтыдық. Олардың жалақысы тариф бойынша беріледі», – дейді кәсіпкер.
Ал «BAUER group» компаниясы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізде балабақша салуды қолға алған. Компания басшысы Бауыржан Еркебаевтың айтуынша, құрылысқа қажетті қаржы 938 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда балабақша білім беру талабына сай жұмыс істейді. Заманауи үлгіде жасақталған. Ондағы балалар қаламсап пен дәптер пайдаланбайды. Тәрбиешілер барлығын ойын арқылы үйретеді. Біз де олардың өнерін тамашалап, «Алтын күзі» шарасына қатыстық. Мұнда шахмат бөлмесі, хореография, музыка залы мен ағылшын сыныбы да бар.
Қазір екінің бірі торт пісіреді. Барлығы дерлік кулинарлық шеберлік дәрістерін оқыған. Біздің келесі барған кәсіпорнымыз да кондитерлік өнім шығаруға ден қойыпты. Мұның ерекшелігі, ішінде жартылай дайындалған өнімдерді табасыз. Кәсіпкер Алтынай Елеусізованың арнайы мамандарды дайындайтын ғимараты да бар.
Бүгінде көз ауруы жиі тіркеледі. Облысқа танымал «Шырақ» офтальмогиялық орталығына бас сұққанда осыған тағы бір көз жеткіздік. Себебі сәбиін жетектеген аналардың қарасы көп. Орталық аппараттарды көбейту, көз жанарын жақсартуға үлес қосатын құрылғыларды алу мақсатында қор көмегіне жүгінген. Мұнда науқастарға ота да жасалады. Отадан кейінгі күтімге дәрігерлер қарастырылған. Мүмкіндікті пайдаланған орталық несие қаржысына соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алып, осылайша қызмет аясын кеңейтіп отыр.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Жомарт Ермағанбеттің айтуынша, биыл төленген субсидия көлемі 1 млрд 881 млн теңгені құрайды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мен «Қарапайым заттар экономи­касы» басым жобаларын кредиттеу тетігі шеңберінде облыс кәсіпорындарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бойынша қолдау көрсетілуде. Осы уақытқа дейін 143,4 млрд теңгеден астам несиенің сыйақы мөлшерлемесі субсидияланған.

М.КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!